Ақтөбеде шенеуніктер мүгедектігі бар 500 адамды тұрғын үй кезегіне тіркемеген
Ақтөбе шенеуніктері мүгедектігі бар 500 адамды тұрғын үй кезегінен шығарып тастаған. Прокурорлар қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімін тексеру барысында I және II топтағы мүгедектердің баспанаға мұқтаждар ретінде тіркелмегендігін анықтады.
Қалалық прокуратура тексеріс барысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарының бұзылу фактісін әшкереледі. Үй кезегіне тіркемеуден бөлек, оларға мереке күндері бір реттік әлеуметтік төлемдердің берілмегінін де анықтады.
Заңға сәйкес, жеке баспанасы жоқ мүгедектер кейіннен әлеуметтік баспана алуды немесе өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін мемлекеттік қолдау алуды қажет ететіндердің тізімінде болуға құқылы. Сонымен қатар Конституция күніне орай 39 мүгедекке 1 950 000 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетпеу, сондай-ақ 17 азаматқа 850 000 теңге көлемінде бір реттік төлем төлемеу фактілері анықталды, – деп хабарлады Ақтөбе облысының прокуратурасы
Бұдан бөлек, 1-топтағы мүгедектерге жеке оңалту бағдарламасы әзірленбеген болып шықты. Нақтырақ айтқанда, 200 жеке оңалту бағдарламасын іске асырмаудың 152 дерегі анықталды. Прокурорлар мүгедектердің құқықтары қорғалғанын, олар қайтадан баспана есебіне алынғанын және барлық қажетті төлемнің өтелгенін хабарлады.
Айта кетейік, 2024 жылдың мамыр айынан бастап 17 мыңға жуық қазақстандық баспана кезегінен шығарылған. Тұрғын үй кезегінде 650 мың қазақстандық тұр. Оның 255 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал тобына жатады. Жыл сайынғы тізімді түгендеу барысында Қазақстанда 300 мыңға жуық адамның тұрғын үй кезегінен шығарылуы мүмкін екені анықталған. Оған құжаттары талапқа сай келмеуі немесе баспанасы бар болуы себеп болып отыр.