Bazis-A, BI Group,Sheberbuild атты танымал қазақстандық девелоперлер, gosreestr.kz мәліметіне қарағанда, мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттардың қаржы көлемі жағынан топ-100-ке кіріп отыр.
Bazis-A-ның еншілес компаниясы Bazis Constraction, goszakup.kz рейтингі бойынша, мемлекет қаржысына инфрақұрылым және азаматтық құрылыс көлемі жағынан көш бастады. Қоржынында құны 345 млрд теңгеден асып жығылатын ондаған мемлекеттік келісімшарты бар.
Оның ең ірісі – Алматы метросы. Ұзындығы 1,7 шақырым болатын «Момышұлы» стансасынан «Қалқаманға» дейін тоннель қазуға 60,5 млрд теңге қарастырылып отыр. Аталған компания метро құрылысын әрі қарай салуға мүдделі. Бұдан бөлек, жол, жол айрықтары мен көпірлер салады.
Екінші орын BI Group-тың еншілес компаниясы «Қазақжолқұрылыс» ЖШС-ға тиесілі. Ол мемлекетпен 276 млрд теңгеден аса қаржыға келісімшартқа отырған. BI Group-қа «жақындығы бар» компаниялардың есебіне қарасақ, бұл топ Bazis Constraction-ды басып озады. Мәселен, «АБК-автожол НС» – 200 млрд теңге, KAZPACO – 150 млрд теңге, «Қаратас Майнинг» 86 млрд теңге, Ontustik Constraction – 46 млрд теңге, BI URBAN Constraction 9 млрд теңге көлімінде келісімшарт жасасқан.
Қонаев қаласында тіркелген Sheberbuild үшінші орынды місе тұтып отыр. Бұл компанияның негізгі табысы мемлекеттік келісімшарттардан түседі. Жалпы 198,5 млрд теңгеге мемлекетпен келісімшарт жасасқан. Sheberbuild Алматы қаласы, Алматы облысы, Астана, Тараз және Түркістан облысында мектеп, балабақша, аурухана салып жатыр.