Жаңалықтар

Temu мен Pinduoduo қожайынының акциялары құлдырады

PDD басты бәсекелестері – Alibaba мен JD.com соңғы тоқсанда нәтижелерінің мәз емес екенін жария еткен/фото: kursiv.media мұрағаты

Temu және Pinduoduo онлайн-сауда платформаларының қожайыны қытайлық PDD Holdings сауда мен табыс көрсеткіштері құлдырағанын хабарлады. Бұған Қытай экономикасының өсімі баялап, Қытай тұтынушыларының зат сатып алудан тыйылуы түрткі болып отыр.

ВВС-дің хабарлауынша, АҚШ биржаларында аталған электронды коммерция алыбының акциялары 11%-ға дейін құлдыраған. Мұның алдында PDD басты бәсекелестері – Alibaba мен JD.com соңғы тоқсанда нәтижелерінің мәз емес екенін жария еткен.

Қытайдың жылжымайтын мүлік нарығында дағдарыстың, жастар арасында артқан жұмыссыздық деңгейінің кесірінен Қытайдың тұтыну нарығы зардап шегіп жатыр. Қыркүйек айында аяқталатын тоқсанда PDD түсімі – 99,35 млрд юань (13,7 млрд АҚ доллары) болды. Бұл сарапшылар болжамынан едәуір аз. Олар 102,8 млрд юань түсім түседі деп күткен еді.

PDD көрсеткіштері осы уақытқа дейін қарқынды өсіп келе жатты. Тек соңғы екі тоқсан бойы қатарынан нашарлай түскен.  

«Алдыңғы тоқсандармен салыстырғанда жалпы өсім баяулап жатыр. Оның үстіне, бәсекелестік күшейіп, сыртқы түйткілдер сақталып тұр», – дейді PDD Holdings-тің вице-президенті Цзюнь Лю.  

Бұл холдинг аса қымбат емес тауарларды жеңілдікпен сату арқылы танымалдыққа ие болған еді. Мұны көрген басқа бәсекелестері осы стратегияны қолдана бастаған. Бұл баға соғысына әкеліп соққан.

Бұдан бөлек, Temu шетелде қиындықтарға тап келіп отыр. Акцияларды зерттейтін сарапшы Алисия Яптың сөзіне қарағанда, «арзан» бағаға байланысты көп елдер қарсылық білдіріп отыр. Әсіресе, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттері. Кейбір елдер ресми тіркелмесе, платформалардың жұмысына тыйым салмақ. Бөлшек саудағы кәсіпкерлердің мүддесін көздеп, қосымшаларын өшіруді талап етіп отырған елдер де бар.

Еуродақ заңсыз өнімдерді сатты деген күдікпен тергеу жүргізе бастады. Жаңа сайланған Дональд Трамп қытай тауарлары импортына баж салығын көбейтуге уәде беріп отыр.