Әне-міне дегенше, күздің соңғы аптасы да келіп қалды. Елдің көп өңірінде суық түссе де, халықтың көңілі түсе қоймады. Себебі аптаның әр күні дерлік түрлі мәдени іс-шара өтіп жатады. Алдағы апта да қызыққа толы болғалы тұр. Kursiv Media әдеттегідей аптадағы ең айтулы іс-шаралардың тізімін әзірледі.
Қалдыбек Құрманәлінің ән кеші
28 қараша, Алматы қаласы
Алдағы бейсенбі күні, 28 қарашада Алматыдағы, тіпті еліміздегі бас сахнада Қалдыбек Құрманәлінің шығармашылығының 35 жылдығына арналған ән кеші өтеді.
Қалдыбек Құрманәлі – халық арасында кең тараған «Қариялар азайып бара жатыр», «Кірмеші жиі түсіме», «Қиялдағы қалқа», «Ән аға немесе Шәмшімен сырласу», «Жайықтың толқындары», «Шәй ішіп кетсең қайтеді» әндерінің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор. Биыл оның шығармашылығына 35 жыл толып отыр. Әдемі кеште халықтың сүйікті әншілеріне айналған Тоқтар мен Бейбіт, Сәкен Майғазиев, Мақпал Жүнісова мен Тамара Асар және басқа да қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетеді.
Есті ән тыңдап, ерекше кештің куәсі болып қайтқыңыз келсе, 28 қараша Республика сарайына қарай жол тартуға кеңес береміз. Кеш сағат 19:00-де басталады. Концертке билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
Wrestling Stars
29 қараша, Астана қаласы
Алдағы жұма, 29 қараша күні спортты, оның ішінде еркін күрес өнерін жақсы көретін жанкүйерлер үшін Астанада керемет спорт шарасы өтеді. Елорда төрінде 29 қараша күні Wrestling Stars еркін күрес және грек-рим күресі бойынша халықаралық турнирі өтеді.
Бұл турнирдің нағыз жұлдызы ретінде әлден-ақ италиялық Фрэнк Чамизоға қатысты көп болжам айтылып жатыр. Ол бұған дейін еркін күрес бойнша екі дүркін әлем чемпионы атағын иеленген, сонымен қатар төрт рет Еуропа чемпионы титулын, Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдесін қанжығасына байлаған.
Ал Қазақстан атынан бұл додаға еркін күрестен Азия чемпиондары Данияр Қайсенов пен Санжар Досжанов қатысады. Бұған қоса Азияның үшдүркін чемпионы әрі еркін күрес бойынша әлем біріншілігінің қола жүлдегері Азамат Дәулетбеков те жүлдеге таласады деген ақпар бар.
Турнирге өзге елдерден көп спорт жұлдызы келеді деп және жарыс қызу өтеді деп күтіліп отыр. Жұма күні спортшыларды қолдауға барып, ерекше доданың куәсі болыңыз.
Турнир елордадағы Beeline Arena заманауи спорт кешенінде өтеді. Басталуы сағат 18:00-де. Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«Назар Аудар» Орал қаласында
25 қараша, Орал қаласы
Бір жылдары «Жайдарман» командасы болып құрылып, жұртшылыққа кеңінен танылып, кейінгі жылдары Батыс Қазақстан облысының мәдени өмірінің нағыз бетке ұстар артистеріне айналған «Назар аудар» театры Орал қаласының тұрғындарын керемет кешке шақырады. Әзілкештер көрерменін жаңа концерттік бағдарламамен қуантуға асық.
«Назар аудар» театры 2023 жылы Орал қаласында құрылып, алғашқы күннен бастап өзін жоғары кәсібилігі мен бірегей көркемдік тәсілге ие ұжым ретінде көрсете білді. Сол жылы театр Батыс Қазақстан облысы әкімінің кубогын жеңіп, өзінің жоғары деңгейі мен дарынын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Ұжымдағы артистер театрдан бөлек, жұртшылыққа кино актер ретінде де кеңінен танылып, өздерін сан қырынан көрсетіп жұр. Алдағы аптада өтетін әзіл кеші де олардың шығармашылығы мен шеберлігі жан-жақты ашылатын жарқын және есте қаларлық оқиға болмақ.
Кеш Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында өтеді. Басталуы сағат 19:00-де және 21:30-да.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан сатып ала аласыз.
«Нурикамал» қойылымы
25 қараша, Алматы қаласы
«Нурикамал» әнін білмейтін қазақ кемде-кем. Кейінгі жылдары оның шығу тарихы да кеңінен айтылып, жиі талқыланатын тақырыпқа айналды. Алдағы аптада Сәбит Әбдіхалықовтың Nazar театры ұжымы осы шынайы оқиғаға негізделіп жазылған ән тарихы баяндалатын «Нурикамал» қойылымын сахналайды. Достардың таудағы бас қосуының тарихқа айналып, біраз жыл өткен соң, ол оқиға сахналып, сол оқиға желісіне сәйкес фильм де түсірілетінін кім білген?..
Бұл оқиғаны естігенде адам екіұдай күй кешеді, әңгіме аяқталған соң тыңдап отырғандар да әдетте екіге бөлінеді. Бірі Ханбибіні батыр десе, бірі оның әрекетін түсінбей жатады. Бірі Тұрдықылышты өнер адамы деп ақтап алғысы келсе, бірі оны отбасылы бола тұра, басқа қызды сүйіп қалғаны үшін сынға алады.
Қай топты қолдайтыныңызды білу үшін алдағы аптада сіз де қойылымды көріп қайтыңыз. Артистер 25 қараша күні Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахнасында өнер көрсетеді.
Қойылым режиссеры – Сафуан Рысбайұлы. Нурикамалдың рөлін Анель Оспанжан, Тұрдықылышты Нұржан Әбіласан, ал Ханбибіні Мөлдір Зікірбай сомдайды. Сонымен қатар Қуаттың рөлін Диас Мырзахмет, Мейіржанды Бекзат Жүнісов және Сайлаугүлдің рөлін Дариға Зарқын ойнайды.
Билеттерді Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.
«Щелкунчик» қойылымы
27 қараша, Атырау қаласы
Балаларды таңдай қақтыратын, ересектерді сағыныш сезіміне бөлейтін ерекше ертегі, ең танымал қойылым – «Щелкунчик». Өнерді шын сүйетіндер жыл сайын жаңа жыл қарсаңында міндетті түрде осы қойылымды көруге барады. Ал өнер әлемін ерекше құрметтейтін ерекше адамдар бұл қойлымды жылына бір рет рет емес, бірнеше рет тамашалауға да уақытын аямайды.
Неміс жазушысы Гофманның туындысы Чайковскийдің музыкасымен әлдеқашан ұштасқан. Осымен 120 жыл бойы «Щелкунчик» балеті көрермен жүрегін толқытып, әр көргенде әртүрлі сезім сыйлап келеді.
Мари мен Щелкунчиктің шытырман саяхаты, Тышқан патшасымен шайқас және бақытты финал – бұл қысқы сиқырдың бәрімізге жақын әрі таныс керемет атмосферасы. Бұл атмосферадан бөлек қойылым көрерменін ұмытылмас кейіпкерлер, теңдессіз костюмдер, керемет әсерлер мен таңғажайып музыка күтеді.
27 қараша күні Атырау тұрғындары қаладағы Махамбет атындағы драма театры залында осы керемет кештің куәсі бола алады.
Кеш сағат 19:00-де басталады. Билеттерді Ticketon.kz сайты арқылы таба аласыз.
Алдағы аптада еліміздің әр қаласында өтетін өзге де концерттер, театр қойылымдары, кинопремьералар, турлар және басқа да іс-шаралар жайлы ақпарат пен билетті Ticketon.kz сайтынан таба аласыз.