2022 жылы Қытай Германияны басып озып, әлемде нөмірі екінші көлік экспорттаушыға айналды. Ал 2023 жылы абсолютті көшбасшы Жапонияның өзін артта қалдырды. Осылай Қытайдың әлемдік автокөлік нарығындағы үстемдігі шындыққа айнала бастады. Бұған дейін күмәнмен қарап келген АҚШ та, батыс та, тіпті жапондар да автонарықтағы үстемдігінен айырылмаудың жолын іздестіре бастады. АҚШ пен батыс баж салығын күрт өсірді, Жапония бәсекеге лайық болу жолдарын іздестіре бастады.
Алайда өткенге оралудың өзі елес сияқты
Себебі кейінгі 5 жылда ресми Бейжіңнің экономикасы тұралағанына қарамастан, қытайлық автоөнеркәсіп қарқынды алға жылжып келеді. Статистика «Made in China» автолары алға жылжып қана қоймақ, технологиялық, эргономикалық және бастысы баға жағынан әлемдік көшбасшыға айналғанын айғақтайды.
Мысалы, биыл Қытайдан автоэкспорт 40%-ға жуық өсті. Жыл басынан бері шамамен 4,09 млн автомобиль сыртқа сатылған. Оның басым бөлігі көршіміздегі ең танымал марка – BYD автоларына тиесілі. 2024 жылдың басынан бері аталған марка 2,75 млн көлік сатқан. Компанияның биылғы жылға қойған мақсаты – 4 млн авто экспорттау. Бұл жоспардың ішінде Қазақстан нарығы да бар. Аталған бренд елімізде желтоқсанда ресми түрде сатыла бастайды. Ресми тасымалдаушы «Астана Моторс» болмақ. Компания негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов осылай деп мәлімдеген. Бұдан бөлек ел нарығында ресми 15-тен аса қытай автокөлік маркасы болса, тағы 15 бренд ел нарығына кіруге кезек күтіп тұр. Қытай нарығында бәсекенің алдын бермеген BYD Қазақстанда да бәріне басты бәсекелес атанары анық.
2025 жылы Қазақстан нарығындағы қытайлық автолар бағасы түсе ме?
2023 жылдың соңында Қазақстанда ең көп сатылатын 10 брендтің алтауы көрші елде шығарылған. Олардың үлесі ресми дилерлер сатқан барлық көлемнің төрттен бірін құрады. kolesa.kz платформасының мәліметінше, ескі көліктер нарығында да «қытайлық» көліктерге сұраныстың артуы байқалады. Дегенмен сарапшылар ұсыныстағы мұндай темір тұлпарлардың саны сұраныстан сәл басым екенін айтады.
«Қытайлық көліктер нарыққа айтарлықтай әсер етпейді, өйткені Қазақстанда автокөлік саны көп. Бірақ қазір барлық жаңа көліктердің 30%-ы қытайлық брендтерге тиесілі», – деген еді kolesa.kz басшысы Дмитрий Ботанов.
Ал Автомобиль нарығының мониторингі және талдау агенттігінің директоры Артур Мискарянның айтуынша, алдағы жылдары қытайлық автокөлік брендтерінің саны бұдан күрт артуы мүмкін.
«Қытай нарығы тоқырауда, сондықтан жақын арада ҚХР үкіметі ішкі нарықта жаңа автокөліктерге сұранысты ынталандыру үшін елдегі ескі көліктерді Қазақстан сынды елдерге экспорттауға тырысады», – деген еді сарапшы.
Бұл ретте сарапшы Қазақстандағы қытайлық брендер арасында бәсеке басталатынын айтады. Салдарынан диллерлер адам тарту үшін түрлі жеңілдіктер ұсынып, бағаны төмендетуі мүмкін.
2023 жылы Қытайдың өзінде 150 темір тұлпар моделі арзандаған. Әсіресе, электромобильдер мен гибридтер (NEV) бағасының төмендеуі байқалады. Биыл олар 13%-дан астамға арзандады.
BYD несімен озық?
BYD – бұл миллиардер Илон Масктың Tesla-сының басты бәсекелесі. Әрине, басында Маск мысқылдап, әжуаға айналдырған. 2024 жылдың басынан бері жаһандық нарықта Tesla-ның саудасы бәсеңдеп, дәл осы марка көшбасшыға айналғалы күлкі сап тыйылды. Үнсіз мойындауға мәжбүр.
Автоконцерн үшінші тоқсанда табысын 28,2 млрд долларға дейін арттырып, 25,2 млрд долларды құрады, деп жазды Bloomberg.
BYD литий батареяларын шығаратын компаниядан тек 2022 жылы Қытайдағы ең ірі автомобиль өндірушіге айналды. Бүгін де компания таза электр және гибрид көліктерді қатар шығарады. Сонымен қатар коммерциялық көліктер де өндіреді. Автоконцерн құрылтайшысы және басқарма төрағасы Ван Чуанфу тек өндіріске ғана емес, зерттеулерге қомақты қаржы құяды. 2024 жылы бұл бағыттағы инвестиция көлемі 6,5 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұл Tesla-ның болжамды шығындарынан 50%-ға жоғары.
BYD көліктің басым бөлігін ішкі нарықта сатқан. Алғашқы үш тоқсанда экспорттың жалпы көлемі шамамен 10%-ды құрады. Халықаралық нарықтар осы дамудың драйвері болуы мүмкін, өйткені компания Венгрия, Таиланд, Түркия және Бразилияда зауыттар салмақ. Ал Орта Азия бойынша Өзбекстан мен Тәжікстанда ресми дилерлік орталығы арқылы сатылады. Сонымен қатар біріншісінде зауыты да бар. Үшінші болып Қазақстанда ресми сатыла бастайды.