NEET (Not in Education, Employment, or Training) жастар дегеніміз – білім алмайтын, жұмыс істемейтін және ешқандай кәсіби оқыту бағдарламасына қатыспайтын жастар тобы. Бұл термин көбінесе 15–34 жас аралығындағы азаматтарға қатысты қолданылады, бірақ нақты жас шегіне байланысты әр елде әрқалай өзгеруі мүмкін. Мәселен, көптеген дамыған елде NEET жас аралығы 15-24 жас, ал кейбір елдерде 15-29 жас болса, Қазақстанда бұл шек 2023 жылдың 1 қаңтарынан 15-34 жас болып бекітілді.
Әлемде әрбір бесінші жұмыссыз – NEET санатыдағы адам
2023 жылы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 13%-ды құрап, 64,9 млн адамға тең болды. Бұл соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш және 2019 жылы пандемияға дейінгі 13,8%-дық деңгейден төмендегенін білдіреді. Көрсеткіш одан әрі 12,8%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Алайда аймақтар бойынша жағдай әралуан. Араб мемлекеттерінде, Шығыс Азияда және Оңтүстік-Шығыс Азия мен Тынық мұхитында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылы 2019 жылмен салыстырғанда жоғары болды.
GET for Youth есебінде жастардың жұмыста табысқа жетуіне кедергі келтіретін басқа да «қиындықтар» бар екені ескертіледі. Онда бүкіл әлем бойынша көптеген жастардың NEET санатына жататыны (яғни, білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби оқыту бағдарламасына қатыспайды), дамушы және дамыған елдерде лайықты жұмысқа қол жеткізу мүмкіндіктерінің шектеулі екені атап өтілген. 2023 жылы әлем бойынша әр бесінші жас адам (немесе 20,4 пайызы) NEET санатына жатқызылған. Бұл NEET санатына жататындардың үштен екісі – әйелдер.
Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық азайып келеді.
2024 жылдың ІІІ тоқсанындағы ресми мәліметтерге назар аударсақ, елімізде жастардың жалпы санындағы NEET санатындағы 15-34 жастағы жастар үлесі жылдан-жылға азайып келеді. Биылғы жылдың 9 айындағы деректер бойынша олардың үлесі 6,4%-ға дейін төмендеген.
Елімізде 15-34 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар саны – 345 572 адам. 2023 жылдың басымен салыстырғанда, бұл көрсеткіште айтарлықтай жақсы көрсеткіш байқалады. Мәселен 2023 жылдың І тоқсанында NEET саны 422 042 адамнан 2024 жылдың ІІІ тоқсанымен салыстырғанда -22,1% дейін төмендеген.
Өңірлер бойынша NEET санаты: Маңғыстау облысындағы антирекордтар тіркелуде
Жалпы, Республика бойынша NEET үлесі 6,4% болғанымен, өңірлерде бұл көрсеткіш әртүрлі. Мәселен, соңғы деректер бойынша Маңғыстау облысында NEET санатының үлесі 10,1%-ға жетті, бұл республика бойынша ең жоғары. Егер 2018 жылдың ІІІ тоқсанында Маңғыстау облысында бұл көрсеткіш небәрі 7,4% болса, 2022 жылы тиісті кезеңде 7,1%-ға дейін төмендеген. Алайда соңғы жылдары облыста жұмыссыз жастардың саны күрт өсіп келеді.
Елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі ең төмен аймақ – Шығыс Қазақстан облысы (4,5%). Елімізде 5-6% арасы 7 өңірде, 6-10% 11 өңірде тіркелген.
Қандай шараларды қолға алу қажет?
NEET санатындағы жастардың саны экономикадағы жұмыссыздық мәселесі сияқты толық жойып жіберу мүмкін емес. Дегенмен оның үлесін барынша азайтып, үкімет үнемі бақылауда ұстап, тиісті шаралар қабылдау қажет. Жастарға алғашқы тәжірбие беру үшін жұмыспен қамту және кәсби даярлау курстарын өткізу сияқты шаралар арқасында жұмысқа тарту тиімді. NEET жастарды еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқытуды қолға алу арқылы NEET үлесін төмендетуге болады. Үкімет және әсіресе жергілікті басқару органдары кешенді бағдарламалар арқылы тиімді жұмыс жасау арқылы елімізде NEET санатындағы жастардың үлесі азайып келе жатқанын байқауға болады. Алайда жоғарыда айтқандай кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш жоғары болып тұр.