Lifestyle

Алматылық жас өнертапқыш маймыл шешегі вирусын анықтайтын жасанды интеллект моделін жасап шықты

Артем Лаврентьев маймыл шешегіне ЖИ моделін жасады
Артем Лаврентьев маймыл шешегіне ЖИ моделін жасады / Фото: Артем Лаврентьевтің жеке мұрағаты

Кейінгі жылдары жасанды интеллектіні медицинаның түрлі саласына кіріктіре отырып, өлім жағдайларын азайтуға әрекет ету әлемдік трендке айналды. Алматылық оқушы Артем Лаврентьев маймыл шешек вирусы тудырған тері зақымдануын танитын жасанды интеллект жобасын әзірледі. KursivMedia жас өнертапқышқа хабарласып, оның әзірлеген жобасы жайлы біліп, мұның отандық медицинаға әсері туралы сұрады.

Артем Лаврентьев – Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы. Ол физика-математикалық бағытта білім алып жатыр.

«5 сыныптан математикаға қызығамын, есеп шығарғанды жақсы көремін. Түрлі ғылыми сайыс пен олимпиадаға да қатыстым. Ал кейінгі жылы осындай олимпиадаларға кейде қазылар алқасы құрамында, кейде жаттықтырушы болып қатысып жүрмін. Мысалы жақында Ақназар Қажымұрат атындағы қалалық олимпиаданы ұйымдастыру жұмыстарына қатыстым. Бұған қоса биология саласына жасанды интеллектіні кіріктіруге де қызығып жүрмін», – дейді ол.

Дәл осы қызығушылығы оны өз бетінше жасанды интеллектіні зерттеуге итермелеген. Жаңа жоба туралы ол жазғы каникулда ойлана бастаған.

«Мектеп бізді көп ізденіп, өз бетімізше оқу дағдысын қалыптастыруға әрекет етті. Жазғы каникулда уақыт көп қой, сондықтан оны бос өткізгім келген жасанды интеллектіні тереңінен зерттей бастадым. COVID-19 пандемиясы кезінде түрлі ғалым ауруды анықтау үшін жасанды интеллектіні кіріктіру бойынша сан түрлі ұсыныс айтты, түрлі зерттеу жүргізілді. Жақсы жетістіктер де болды. Ал кейінірек әлем маймыл шешегінің тарауы сияқты жаңа қауіппен бетпе-бет келгендіктен, мен жасанды интеллектіні осы мақсатта зерттеп көргім келді. 2022 жылы ДДСҰ маймыл шешегі өршігенін хабарлап, оқиғаға халықаралық мәні бар төтенше жағдай деген баға берді. Вирус көбіне Еуропа мен Солтүстік Америкада тіркеліп жатыр. Ал медициналық мүмкіндіктері шектеулі Африка елдерінде ауру тіп тез таралады. Сондықтан жасанды интеллектіні қолдана отырып, медицина қызметкерлері ауруды ерте анықтау мүмкіндігіне ие болады деп есептеймін», – дейді Артем.

Осылайша Артем маймыл шешегінен болған зақымданған теріні танитын жасанды интеллектіні оқытып шыққан. Маймыл шешегі – маймыл шешегі вирусынан туындайтын зооноздық, яғни адамға жануарлардан жұғатын жұқпалы ауру. Сонымен қатар бұл инфекция адамнан-адамға берілуі мүмкін. Алғаш рет маймыл шешегі 1958 жылы зертханалық маймылдар колониясында анықталды. Аурудың бұлай аталу себебі осыдан. Ал адамдардан бұл ауру 1970 жылы анықталды. Негізінен маймыл шешегі Орталық және Батыс Африка елдерінде кездеседі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған деректерге сәйкес, бүгінге дейін маймыл шешегі 75 елде анықталған.

Адамның маймыл шешегін жұқтыру жағдайы алғаш рет 1970 жылы Африкада, Конго Демократиялық Республикасында тіркелген. Ауру бірнеше рет өршіп, бұл вируспен жүздеген адам ауырды. Бірақ адам өлімі тіркелген жоқ. 2003 жылы маймыл шешегі АҚШ-та алғаш рет тіркелді. АҚШ-қа вирус Африкадан үйде ұстайтын кеміргіштермен бірге келген. Біреуі кішкентай баланы тістеп алған. Сол жылы АҚШ-та бұл дертпен тек бір айда 71 адам ауырып қалды.

Артем маймыл шешегін анықтайтын машинаны оқытуға көп қаржы кетпегенін айтады. Ол мұндай жоба үшін ең әуелі техника қажет дейді.

«Негізі бағдарламалауға, жасанды интеллектіні оқытуға аса көп ақша кетті дей алмаймын. Мұндайда тек қуаты мықты компьютер керек, ағылшын тілін білуіңіз керек және интернетке кіре алсаңыз, барлық есік айқара ашық деп есептей беріңіз. Осылардың арқасында жасанды интеллектіні де оқытып шықтым, әлі қолжетімді дереккөздері арқылы білімімді де толықтырып жатырмын», – дейді жас өнертапқыш.

Оған бұл жобаны әзірлеуге Назарбаев университетінде оқитын Дархан Шадықұл деген танысы көп көмектескен. Ал жалпы жобаны азірлеуге шамамен жарты жыл кеткен. 

«Жасанды интеллектінің жаңа моделін әзірлегенде машина түрлі тері аурулары, оның ішінде маймыл шешегі ауруы бар деректерге негізделіп оқытылды. Мұның бәрі ашық дереккөздерінен алынды. Алайда әзірге машина тек шектеулі дерекпен жұмыс істейтінін ескеру қажет. Жалпы қазіргі кезеңде жоба медициналық диагностика үшін нейрондық желіні қолдану қаншалық тиімді екенін дәлелдеді деп ойлаймын. Бұл машина маймыл шешегінің тарауын анықтау үшін бастапқы құрал бола алады», – дейді ол.

Артемның айтуынша, машина қазір 95% дұрыс нәтиже көрсетеді. Алайда ол жобасын әле де жақсартуды жоспарлап отыр. 

«Жоғарыда айтқанымдай, мен үшін көп қиындық болған жоқ. Тек дерек жетіспеушілігін атап өтер едім. Әрі қарай осы бағытта жұмыс істемекпін. Нәтиже бұдан да дәлірек шығуы үшін деректерді басқаша генерациялайтын әдіс ойлап табуға болады деп ойлаймын. Сонымен қатар осы жоба аясында маймыл шешегі диагностикасы бойынша Telegram chat-бот әзірлегім келеді. Осы мақсатта маған Astana hub-тағы мықты бағдарлама әзірлеуші мамандар көмектесіп, қолдап жіберсе, қуанып қалар еді», – дейді Артем.

Қазір Артем жобаны жақсартумен қатар жоғары оқу орнына түсуге де қызу дайындалып жатыр. Ағылшын тілін жетілдіріп, тілдік емтихандарға дайындығын пысықтап жүр. Дегенмен ол жасанды интеллектіні оқыту жобасын әзір тастамайтынын айтты.