Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» бен «Татнефть» көмірсутекті іздеу үшін барлау жұмысын бастап кетті

ҚМГ ресейлік «Татнефть» компаниясымен бірге бұрғылау жұмысын бастады/фото: ҚМГ

«Қаратон Подсолевой» жобасы жақсартылған модельдік келісімшарт шеңберінде іске қосылған. Бұл учаске Теңіз ірі кен орны мен «Ембімұнайгаз» компаниясының кен орындарына жақын орналасқан.

Бұрғылау жұмысының басталуына арналған шараға «ҚазМұнайГаз» (ҚМГ) ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов пен «Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Мағанов, сондай-ақ ҚМГ басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев (Атырау облысы) қатысты.

«Қаратон Подсолевой учаскесінде алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылауды бастау — Қазақстанның ресурстық базасын нығайтуға жасалған маңызды қадам. Бұл жоба біздің қор көлемін ұлғайту және жер қойнауының күрделі учаскелерін игеруге бағытталған стратегиялық міндеттерімізге сай келеді. Татнефть компаниясымен бірлескен күш-жігеріміз нәтижелі болып, еліміздің мұнай-газ саласындағы әлеуетін арттыруға үлес қосатынына сенімдіміз», — деп атап өтті А.Хасенов.

«Татнефть» ЖАҚ бас директоры Наиль Маганов «Қаратон Подсолевой» учаскесінің әлеуеті зор екенін атап өтті.

ҚМГ компаниясының түсіндіруінше, жердің терең қабатына шөккен көмірсутектерді іздеу оңай емес. Оған техникалық тұрғыдан дайындық  керек. Барлау жұмысына жоғары қабат қысымы, күкіртті сутектің болуы және қалың тұз шөгінділері кедергі келтіреді.

Ресейлік «Татнефть» 2024 жылдың ақпан айында «ҚазМұнайГаз» компаниясынан «Қаратон Подсолевой» жобасының операторы Karaton Operating Ltd компаниясының 50%-дық үлесін сатып алды. ҚМГ 2023 жылдың маусым айында «Қаратон Подсолевой» учаскесінде көмірсутекті барлауға және өндіруге келісімшарт тіркеді, ал 2023 жылдың қыркүйегінде «Астана» халықаралық қаржы орталығында жобаны жүзеге асыру үшін Karaton Operating Ltd жеке компаниясын тіркеді.

2023 жылдың қарашасында ҚМГ жер қойнауын пайдалану құқығын Karaton Operating Ltd компаниясына берді. «ҚазМұнайГаздың» басқарма төрағасы Мағзұм Мирзағалиев ақпан айында Қаратон Подсолевойдағы жұмыс «Татнефть» компаниясының есебінен жүргізілетінін айтқан.