АҚШ-тағы инфляция, биткоин мен алтын текетіресі, S&P 500 индексіне қатысты болжам

Жарияланды
обзор
Фото: shutterstock

Мұнай мен алтын бағасының өсуі жаңа инфляциялық толқынның басталуын білдіруі мүмкін. Криптовалюталар раллиі қанша уақытқа созылады? Сарапшылар S&P 500 индексі бойынша 2024 жылдың соңына дейінгі болжамдарын сақтықпен жасайды. Осы және өзге де тақырыптар туралы өткен демалыс күндеріне арналған әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Инфляциялық толқын сақтала ма?

Сарапшылар мұнай мен алтын фьючерстерін мұқият бақылап, Дональд Трамптың экономикалық жоспары аясында жаңа инфляциялық толқынның туындауына алаңдап отыр. Оның жеңісінен кейін АҚШ-тың 10 жылдық қазынашылық облигацияларының негізгі кірістілігі шамамен 14 базистік тармаққа өсті. Себебі ұсынылған экономикалық саясат шаралары бюджеттік тапшылық пен бағаның өсуіне әкелуі мүмкін деген қауіп бар.

Өткен аптада мұнайдың бағасы Нью-Йорк тауар биржасында 6,5%-ға қымбаттап, бір баррелі 71,24 долларға жеткенін хабарлады Market Watch. Дегенмен, Bahnsen Group инвестициялар жөніндегі директоры Брайан Шителдің айтуынша, энергия тасымалдаушылардың бағасы мен инфляция арасындағы әдеттегі байланыс Трамптың «энергияны қолдаушы» саясатына байланысты әлсіреуі мүмкін.

Алтын бағасы өткен аптада 5%-ға өсті, бұл оның 2023 жылғы наурыздан бергі ең нәтижелі апта болғанын көрсетеді, дейді Dow Jones Market Data есептейді. Әдетте, бұл инфляциялық күтілімдердің артуын білдіреді. Алайда аналитиктер бұл секірісті Ресей мен Украина арасындағы шиеленістің ушығуымен байланыстырады.

BNY Wealth компаниясының директоры Шинед Колтон Гранттың пікірінше, Трамптың жоспарының инфляцияға әсері туралы тұжырым жасауға әлі ерте. Ол бағаның өсу қаупі туындаған жағдайда Трамп әрекеттерін түзетеді деп санайды. Себебі сайлау алдында жоғары инфляция америкалық сайлаушылар үшін басты мәселе болып отыр.

Криптовалюталар раллиі инвесторларды бағалы металдардан алшақтатады

State Street Global Advisors компаниясының өкілі Джордж Миллинг-Стэнли криптовалютаға инвестиция құю тұрақтылық әкелмейді деп ескертеді.

«Биткоин, қарапайым тілмен айтқанда, қысқа мерзімді өсімнен пайда табуға арналған ойын», – деді ол CNBC-ге. Сондықтан бұл активтің ұзақ мерзімді перспективалары туралы айту қиын.

Дегенмен, Миллинг-Стэнлидің ұстанымы бейтарап емес. Ол алтын биржалық қорларының «атасы» ретінде танымал, ал оның SPDR Gold Shares ETF қоры биыл 20 жылдығын атап өтті. Бұл ең ірі ETF болып саналады және 2024 жылы 30%-дан астам өскен.

Миллинг-Стэнлидің болжамынша, 20 жыл ішінде алтын бағасы 5 есе өседі. Ал криптовалюталарға ол әлі де күмәнмен қарайды. Себебі соңғы жылдары бірнеше елде мойындалғанына және АҚШ-та тиісті ETF-тер іске қосылғанына қарамастан, криптовалюта өндірісі мен оның идеясын «манипуляция» деп есептейді. Ол мұны инвесторларды «нақты активтерден» алаңдату әрекеті деп санайды.

Сарапшылар S&P 500 индексі бойынша жыл соңына дейін сақтықпен болжам жасайды

Bloomberg агенттігінің дәстүрлі сауалнамасында S&P 500 индексінің болашағы туралы аналитиктердің пікірі келтірілген. Олар қазір «АҚШ-тағы президент сайлауынан кейін әдетте байқалатын нарықтың қалыпты өсуіне сенім артудың қиындығын» атап өтті.

Deutsche Bank AG мәліметтеріне сәйкес, тарихи тұрғыдан алғанда, S&P 500 сайлау күні мен жылдың соңына дейін медианалық кірістілікті 5% деңгейінде көрсеткен. Алайда 2024 жылы индекс қазірдің өзінде 25%-ға өсті, ал өткен жылы ол 24%-ға артқан болатын. Мұндай жағдай соңғы рет 1990 жылдардың соңында байқалған: индекс екі жыл қатарынан 20%-дан астамға өсті.

Қазіргі уақытта S&P 500 12 айлық болжамды корпоративтік табыстарынан 22 есе жоғары бағамен сатылып жатыр (соңғы онжылдықтағы орташа көрсеткіш – 18). Осыған байланысты аналитиктер жылдың соңында үлкен нарық раллиін күтпейді. Себебі «кірістіліктің өсуі инвесторларды сақтыққа мәжбүрлейді».

Қысқа жаңалықтар

Илон Маск мемлекеттік қаржыландыру арқылы ғарыш саласындағы миллиардтаған долларды өз компаниясы SpaceX-ке бағыттауы мүмкін, деп жазды Politico. Басылымның дерегінше, Маск Дональд Трампқа ықпалын пайдаланып, Blue Origin компаниясымен ұзаққа созылған бәсекелестікте жеңіске жету үшін монополия құруға тырысады.

Илон Маск өзінің 2021 жылғы рекордын жаңартып, тарихтағы ең бай адам атанды. Оның байлығы қазір $348 млрд-ты құрайды, ал Джефф Безос одан $125 млрд-қа артта қалғанын есептеді Bloomberg.

Осы аптада АҚШ 200 қытайлық чип өндірушіге жаңа экспорттық шектеулер енгізеді. Бұл туралы Reuters АҚШ Сауда палатасының хатына сілтеме жасап хабарлады. Агенттік дерегі бойынша, көптеген америкалық компанияларға қытайлық фирмаларға жеткізілім жасауға тыйым салынады.

Дамыған экономикалар ішінде Германия Трамптың жаңа сауда баждарының әсерінен ең көп зардап шегуі мүмкін. Бұл ел рецессияға ұшырауы ықтимал деп жазды FT. Себебі тек неміс экспортының қысқаруы ғана емес, сонымен қатар жаһандық нарықтағы жеткізілім тізбегінің бұзылуы және арзан қытайлық өнімдердің ЕО-ға ағылуы күтіліп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз