Жаңалықтар

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 9 айдағы таза пайдасын 8,4%-ға қысқартқан

Фото: ҚМГ, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы 9 айдағы таза пайдасын 8,4%-ға қысқартқан. Қаржы есебіне сәйкес, ҚМГ 2024 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында 867 млрд теңге таза пайда алған.

«Бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесті қоса алғанда, компанияның таза пайдасы 946 млрд теңгемен (2 089 млн АҚШ долл.) салыстырғанда 867 млрд теңгені (1 890 млн АҚШ долл.) құрады», деп жазылған компания есебінде.

9 айда компания түсімі 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айларымен салыстырғанда 4,2% өсіп, 6,08 трлн теңгеден 6,6 трлн теңгеге жеткен. EBITDA көрсеткіші 4,6%-ға азайып, былтырғы 1,7 трлн теңгемен салыстырғанда, 1,6 трлн теңгені құрайды.

EBITDA көрсеткішінің азаюына «Теңізшевройлдан» түсетін пайданың 152,3 млрд теңгеге азаюы әсер еткен.

Сонымен қатар бірлесіп бақыланатын кәсіпорындар мен қауымдасқан компаниялардың пайдасындағы үлесіне түзетілген таза пайда 1,01 трлн теңгеге жеткен. Бос ақша ағымы 1 трлн теңгені құраған.

Компания шығысы қандай?

ҚМГ-ның өндірістік шығыстары 18,2% -ға өсіп, 1 трлн теңгені құраған. Бұған негізінен ҚМГ қызметін жүргізетін өңірлерде өндірістік персоналдың еңбекақысы бойынша шығыстарды индекстеу, сондай-ақ тасымалдау тарифтерінің және көлемінің ұлғаюына байланысты көлік шығынының артуы себеп.

Есепті кезеңде тасымалдау және сату бойынша шығыстар 203 млрд теңгені құраған. Бұл 2023 жылдың сәйскес кезеңдегі көрсеткіштен 15,1%-ға жоғары. Өсім Каспий құбыр консорциумы бағыты бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ және «Өзенмұнайгаз» АҚ көмірсутек шикізатын экспортқа өткізу көлемінің артуына, сондай-ақ тасымалдау тарифтерінің артуы есебінен қалыптасқан.

Компанияның жалпы және әкімшілік шығыстар 68,9%-ға артып, 197 млрд теңгені құрады. Күрделі шығыны 9 айда 10%-ға азайып, 444 млрд теңгені құраған. Күрделі шығынның азаюына негізінен «Астрахань-Маңғышлақ» магистральды су құбырын қайта жаңарту мен кеңейту жобасының және «Жеңіс» жобасында барлау ұңғымасын бұрғылау жұмыстарының аяқталуы себеп.

Өндіріс нәтижесі қандай?

2024 жылдың 3 тоқсанында мұнай және газконденсатын өндіру көлемі 3,1%-ға өсіп, 18 млн тоннаны құраған. Мұнай тасымалдау көрсеткіші де артып, 9 айда 63,1 млн тонна мұнай тасымалданған. Қазақстан және румын мұнай өңдеу зауыттарында 14,1 млн тонна мұнай өңделген.