Екінші деңгейлі банктер Ұлттық банктен алған кредитін өтемейінше, акционерлеріне – дивиденд, топ-менеджерлеріне сыйақы төлей алмауы мүмкін

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Ұлттық банк беретін қарыздың талаптары өзгермек / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі екінші деңгейлі банктерге Ұлттық банк беретін соңғы сатыдағы қарыз ережелеріне өзгертпек. Соған сәйкес, қаржы ұйымы Ұлттық банктен алған кредитін өтемейінше, акционерлеріне – дивиденд, топ-менеджерлеріне сыйақы төлей алмайды. Құжат Ашық НҚА порталында 22 қарашаға дейін ашық талқыда болады.

Бұл қарызды ҰБ екінші деңгейлі банк өтімділік тапшылығына тап болып, клиенттері алдындағы міндеттемесін орындай алмай жатқанда береді. Алайда жаңа өзгерістерге сай, енді қарыз тек төлем қабілеті жоғары банкке берілмек.

Егер банк клиенттері депозиттегі ақшасын жаппай шешіп алса, банк өтімділік тапшылығын сезінуі мүмкін. Оған ақпараттық шабуыл немесе макроэкономикалық жағдайдың нашарлауы себеп болады. Сондай кезде Ұлттық банк қаржы жүйесінің тұратылығын сақтау үшін банктерге көмекке келіп қол ұшын созады.

Құжатқа жалпы 100 түзету енгізу ұсынылған, олардың көбі «құқықтық негіздегі» өзгерістер. Негізгі жаңалық мыналар:

  • Қарыз тек төлем қабілеті бар банкке беріледі. Ол соңғы есептік күні өз капиталының жеткіліктілік коэффициенті мен басқа нормативтердің ең төменгі талаптарын орындауы шарт;
  • Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) мен Дүниежүзілік банктің ұсынысы бойынша, банк қарыздардың баланстық құны және нарықтық емес активтердің тәуекелдерін бағалау үшін тәуекел-метрикаларының анықтамалары енгізіледі;
  • Ірі банктерге қатысты ҚНРДА жүргізетін жыл сайынғы AQR (активтер мен міндеттемелер сапасын жыл сайынғы бағалау, тәуекелге бағытталған қадағалау аясында) нәтижелерін пайдалану ұсынылады;
  • Екінші деңгейлі банк қарыз бойынша міндеттемелерін орындағанға дейін оған инвестиция жасауға, байланысы бар тұлғаларға қарыз беруге, дивиденд төлеуге, басшы қызметкерлерге сыйақы мен бонус есептеуге, сондай-ақ бір айда Cost to Income Ratio (CIR) көрсеткішінің үш пайыздық тармақтан артық өсіруге тыйым салынады.

«Қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесі нарықтық мөлшерлемеден жоғары екенін ескере отырып (шамамен. банкаралық несиелер бойынша мөлшерлеме базалық мөлшерлеме + 1%) банкке қажет мөлшерден артық соманы сұрау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Сонымен қатар банкке соңғы сатыдағы қарыз өтелгенге дейін басшы қызметкерлерге дивидендтер, бонустар төлеуге тыйым салу түрінде қатаң шектеулер қойылады, бұл қажетсіз қарыз алу тәуекелдерін теңестіреді», – делінген құжаттың түсіндірме жазбасында.

Қарыз банкке екі аптадан – 3 айға дейінгі мерзімге беріледі. Оны өтеу мерізімін банк 3 рет ұзарта алады. Ұзарту мерзімін қоса алғанда, банктің қарызды пайдалану мерзімі 1 жылдан аспауы шарт.

Сондай-ақ оқыңыз