Астанада есірткі таратқан азамат 18 жылға бас бостандығынан айырылды
Астанада есірткі мен психотроптық заттарды ірі көлемде тарату ісіне қатысқан екі адам сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабаралады.
ҚМА мәліметінше, қылмыстық іс АҚШ-тан eсірткі заттарын халық тұтынатын тауарлар ретінде пошта арқылы жеткізу әрекеті кезінде анықталды. Есірткіні әшкерелеу барысында қызметтік иттің көмегімен кедендік бақылау аймағынан салмағы 1 кг-ға жуық гашиш табылып, тәркіленді. Сонымен қатар «Қазпошта» филиалынан алушының атына жіберілген тағы бір сәлемдеме анықталып, одан 7 граммнан асатын тетрагидроканнабинол табылды. Айыпталушылардың бірі ұсталған кезде пәтерінде есірткі заттары, таразы және орау материалдары тәркіленген.
Сот шешімімен істің қатысушылары кінәлі деп танылып: біреуі 18 жылға,
екіншісі 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
2024 жылдың басынан бері елде eсірткі контрабандасы және заңсыз айналымына қатысты 116 қылмыстық іс тіркелген. Тәркіленген заттар: 57,3 кг есірткі, 1,7 кг психотроптық зат, 206 мың дана улы зат анаболиктер, 1 680 дана «Тропикамид» көз тамшылары.