Lifestyle

Бесік той жасау үшін қанша қаражат кетеді?

Бесік той жасау үшін қанша қаражат кетеді? / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Бесік той – қазақ халқының ежелгі дәстүрлерінің бірі, жаңа туған нәрестені алғаш рет бесікке салу рәсімі. Бұл той баланың өміріндегі маңызды кезеңдердің бірін атап өтуге арналған, сондай-ақ отбасылық қуанышты бөлісу үшін жақындар мен туған-туыстарды жинайтын мереке.

Бесік той өткізуге кететін қаражат тойдың ауқымы, қонақтар саны және ұйымдастыру деңгейіне байланысты өзгереді. Kursiv Media орташа есеппен бесік тойға кететін шығындарды есептеп көрді.

Бесік және сыйлықтар

Қазіргі таңда бесіктердің түр-түрі бар. Сапасы мен жасалған материалына байланысты бесіктің нарықтағы бағасы 20 000–100 000 теңге аралығында кездеседі. Сонымен қатар баланы бесікке салу рәсімі кезінде қосымша киім-кешек, бесікке арналған жабдықтарға 10 000–50 000 теңге аралығында шығын кетуі мүмкін.

Бесікке салу рәсімін көп жағдайда үлкен, елге сыйлы әйел орындайды. Ол баланы бесікке салып, «тыштырма» жоралғысын жасайды.

Келген қонақтарға сыйлықтар мен кәдесыйларға шамамен 15 000–50 000 теңге жұмсалады.

Дастархан және ас мәзірі

Бұл той көбіне отбасылық, қарапайым атмосферада өтеді, бірақ қазіргі заманда кейде үлкен мейрамхана немесе тойханаларда да ұйымдастырылады.

Үйде 20-30 шақты адамға шағын той ұйымдастыратын болсаңыз 100 000–150 000 теңге (ас мәзіріне байланысты) кетеді.

Ал мейрамханада өткізетін болсаңыз өңірге байланысты баға өзгеру мүмкін. Орта есеппен адам басына 8000–20 000 теңге болса, 30–50 қонаққа орташа есептегенде 240 000–1 000000 теңгеге дейін шығындалуыңыз мүмкін.

Сондай-ақ тойыңызды жүргізетін асаба мен музыкалық сүйемелдеу үшін орта есеппен 50 000–200 000 теңге аралығында кететінін де ескерген жөн. Бұдан бөлек тойыңыз есте қалсын десеңіз фото және видео қосымша қызметтерін 50 000–200 000 теңге аралығында жалдауға болады.

Сонымен үй жағдайында қарапайым шағын бесік той өткізетін болсаңыз 150 000–300 000 теңге көлемінде қуанышыңызды атап өте аласыз. Орта деңгейлі мейрамханада 500 000–1 000 000 теңге. Ауқымды, сәнді түрде ұйымдастыру: 1 500 000 теңгеден жоғары.

Айта кетейік, бұл шығындар аймаққа, ұйымдастыру сапасына және жеке таңдауға байланысты өзгеруі мүмкін. Қаражатты үнемдеу үшін дастарханды өзіңіз ұйымдастырып, қымбат қызметтерден бас тартуға болады.