Lifestyle

Димаш Құдайбергеннің Дюссельдорфтағы концерті қалай өтті? – фоторепортаж

Димаш Құдайбергеннің Дюссельдорфтағы концерті қалай өтті? / фото: Dimashnews.com

Әлемге танымал қазақ әншісі Димаш Құдайберген 24 қараша күні Германияның Дюссельдорф қаласындағы PSD Bank Dome аренасында екінші рет жеке концертін өткізді. Бұған дейін ол осы қалада 2022 жылы «Arnau» бағдарламасымен өнер көрсеткен еді. Бұл концерт оның 2022 жылы Алматыда бастау алған «Stranger» әлемдік турының жалғасы болды.

фото: Dimashnews.com

«Stranger» бағдарламасы екі жыл ішінде Ереван (Армения), Анталия және Ыстанбұл (Түркия), Куала-Лумпур (Малайзия), Гонконг (Қытай), Будапешт (Венгрия) сияқты әлемнің бірнеше ірі қалаларында өткен. 2024 жылдың қыркүйегінде бағдарлама Қазақстанға оралып, елордадағы «Astana Arena»-да екі күн қатарынан аншлагпен өтті. Қараша айында Димаш Еуропаға бағыт алды, оның ішінде Прага мен Дюссельдорф қалаларында көрермендермен қауышты.

фото: Dimashnews.com

Димаштың концерттік бағдарламасы уақыт өте толықтырылып, жаңа авторлық әндермен байыды. Бұл жолы «Smoke», «When I’ve got you», «Fire» сияқты жаңа композициялар орындалды.

Сонымен қатар әр концерттің басты ерекшелігі ретінде әндер әртүрлі тілдерде (қазақ, ағылшын, орыс, француз, қытай, итальян және испан) орындалып, ұлттық колоритті көрсететін әндер де ұсынылды.

фото: Dimashnews.com

«Любовь уставших лебедей» әнін орындаған соң, Димаш композитор Игорь Крутойды 70 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Сонымен бірге, «Аве Мария» әнінің вокалдық фрагментін орындау үшін 11 жасар Габриэла есімді қызды сахнаға шақырды. Оның өнеріне тәнті болған Димаш жас әншіге болашақта осындай үлкен залдарды толтыруды тіледі. Бұған дейін Димаш Прагада өткен концертінде де 9 жасар қызбен бірге ән шырқап, әлеуметтік желіні тәнті етті.

фото: Dimashnews.com

Айта кетейік, Димаштың Дюссельдорфтағы PSD Bank Dome аренасында өткен концертіне Прагадағыдай барлық билет сатылды. Аренаға 20 мыңға жуық көрермен сыяды.