Алматы әкімдігі қорғанысқа, денсаулық пен білімге кететін бюджет шығынын қысқартпақ

Жарияланды
Алматы бюджеті
Алматы әкімдігі жоспарлы бюджет кірістерін 1,6 трлн теңгеден, 1,5 трлн теңгеге дейін азайтқан / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы әкімдігі 2024-2026 жылдарға арналған бюджет жоспарына өзгеріс енгізеді. Оған сәйкес, қорғаныс саласы мен білімге, денсаулыққа кететін бюджет шығыны қысқармақшы. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына енгізілген құжатта жазылған.

Қала мәслихатының шешімімен бюджет кірісі жоспарлы 1 594 067 590 900 теңгеден, 1 518 992 491 500 теңгеге қысқарған. Оның ішінде салықтық түсімдер – 1 463 847 154 000 теңгеден 1 383 649 508 600 теңгеге азайса, салықтық емес түсімдер сомасы керісінше, 17,2 млрд теңгеден 19 млрд теңгеге дейін артқан.

Кірісі азайғаны себепті шығындар да қысқарған. Атап айтқанда, 1 753 098 999 900 теңгеден 1 674 161 511 500 теңгеге дейін азайған.

  • Қорғаныс шығындары – 17,9 млрд теңдеден, 14,2 млрд теңгеге;
  • Білім беру шығындары – 482,2 млрд теңгеден, 475,8 млрд теңгеге;
  • Денсаулық сақтау шығындары – 51,2 млрд теңдеген, 45,9 млрд теңгеге;
  • Әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз ету шығындары – 70,3 млрд теңгеден, 67,4 млрд теңгеге;
  • Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық шығындары – 356,3 млрд теңгеден, 324,6 млрд теңгеге қысқарады.

Сонымен бірге, отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалану шығындары 2 млрд теңгеге, ауыл шаруашылығы, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аймақтардың, қоршаған орта мен жануарлар әлемін қорғау, жер қатынастары шығындары 3 млрд теңгеге, өнеркәсіп, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметтерінің шығындар 4 млрд теңгеге, көлік және коммуникация шығындары 13,7 млрд теңгеге қысқарған.

Ал қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздікті, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметті қамтамасыз ету бойынша шығындар керісінше артқан. Бұл салаға 46,8 млрд теңгенің орнынан 47,5 млрд теңге жұмсау көзделген. Дәл солайша мәдениет, спорт, туризм және ақпараттық кеңістік шығындары да арта түспек. Қолданыстағы бюджет жоспарында бұл салаға кететін шығын 75,7 млрд теңге көлемінде болса, өзгерген нұсқасында 78,8 млрд теңге шамасында.

Сондай-ақ оқыңыз