Қазақстан Ресей битумына тәуелді. Депутат Мархабат Жайымбетов президенттің жылына 90 млн тоннаға жуық мұнай өндіретін елдің битум тапшылығына ұшырауын ұят жағдай деп бағалағанын айтып, бұл мәселені шешудің жолдарын сұрады.
«Жыл сайын елде шілде-тамыз айларында жол құрылысы жүргізілген тұста битум тапшылығы басталады. Бұл мәселені қашан шешесіздер», – деп сұрады депутат.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда 4 битум өндіруші компания бар екенін, олардың жыл сайын 1,2 млн тонна битум өндіретінін айтты.
«Бұл өндірушілер аталмыш көлемге кезең-кезеңімен өндіре отырып жетеді. Ал битумды пайдалану көлемі негізінен жазғы маусымда арта түседі. Отандық зауыттар маусымдық сұранысты қамтамасыз ете алмайды. Десе де, қазіргі уақытта өндірістік қуатты арттыру бойынша бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр», – деді Сәтқалиев.
Министр зауыттардың өндірістік қуатын арттыру арқылы ішкі нарықтағы сұраныс көлемін қамтамасыз етуге болатынын айтты. Атап айтқанда, «CaspiBitum» қуатын жылына 500-ден 750 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Солайша жылына 1,45 млн тонна битум өндірілетін болатын. Бұл 1 млн тоннаны құрайтын ішкі нарық сұранысын толық қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен бірге Сәтқалиев битум өндірісінің қуаты 2032 жылы 2,5 млн тоннаға жететінін айтты. Бұл көлемге екі битум шығаратын зауыт салу арқылы қол жеткізіледі.
- Біріншісі – 2026 жылы Ақтөбеде Qazaq Bitum. Өндірістік қуаты жылына 700 мың тоннаны құрайды.
- Екіншісі – 2030 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауыты. Өндірістік қуаты жылына 770 мың тоннаны құрайды.
Сәтқалиев бұдан бөлек, мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі қарастырылып жатқанын да айтты.
«2036 жылы күтілетін жеңіл мұнай өнімдерінің тапшылығына байланысты қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мәселесін қарастырып жатырмыз. 2030 жылдан кешіктірмей жобалауды бастасақ, 2032 жылы құрылысына кірісу көзделген», – деді министр.
Жаңа мұнай өңдеу зауыты 2040 – 2050 жылдар аралығында елдің жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық жабады. Сондай-ақ Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияның қарқынды дамып жатқан нарықтарына жанар-жағармай экспорттауға мүмкіндік береді.