Дәрі-дәрмек бағасы 25%-ға дейін арзандауы мүмкін. Бұл туралы депутат Асхат Аймағамбетов өзінің телеграм парақшасында жазды.
«Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек бағасын қалыптастыру механизмдеріне өзгерістер енгізуді қолға алды. Бұл шаралар бағаны төмендетуге көмектеседі», – деді депутат.
Депутат кейбір дәрілердің құны көршілес елдерге қарағанда, жоғары екенін айтады. Осы олқылықтарды түзету үшін министрлік бағаны тіркеуде бірыңғай тәсіл енгізуді көздеп отыр. Сонымен бірге шекті бағаларды қалыптастыру үшін бірыңғай базалық баға белгіленбек. Бұл дәрі-дәрмек бағасының бірнеше есе негізсіз қымбаттатуына жол бермейді. Бұған қоса, қосымша шығындарды алып тастау көзделген.
«Негізсіз шығындар алып тасталады. Бұрын маркетинг және тасымалдау шығындары 30%-ға дейін жетіп, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тағы 15% үстеме қосылатын. Енді бұл қосымша шығындар алынып тасталады, осылайша бағаны арзан деңгейде ұстауға мүмкіндік туады», – дейді депутат.
Министрлік, сондай-ақ көтерме сауда бағаларын 15-20%-ға, бөлшек сауда бағаларын 20-30%-ға төмендетпекші. Осы бағытта халықаралық деңгейде референттік баға енгізіліп, дәрі-дәрмек бағасы халықаралық және ұқсас нарықтардағы бағамен салыстырылып отырмақшы. Осындай шаралар нәтижесінде дәрінің соңғы бағасы арзандайды.
«Бұл өзгерістер дәрі-дәрмектің қолжетімділігін жақсартуға бағытталған нақты шешім. МӘМС және ГОБМП аясындағы шекті баға 10-12%-ға төмендейді. Көтерме және бөлшек сауда бағасы азаматтар үшін 15-25%-ға арзандайды», – дейді Аймағамбетов.
Еске сала кетеск, бұған дейін Аймағамбетов медициналық сақтандыру жүйесін сынға алып, МӘМС жарнасын көтеруге қарсылығын білдірген болатын. Депутат соңғы екі жылда халықтың медициналық қызметке өз қалтасынан жұмсайтын шығыны 27,7 пайыздан 31,1 пайызға өскенін, ал жарнаның көтерілуі халықтың қалтасына салмақ түсіруі мүмкін екенін айтқан.