2024 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы 350 млрд теңге көлемінде дивиденд төлемекші. Бұл соманы ҚМГ төрағасы Асхат Хасенов рекордтық көрсеткіш деп атады.
Өйткені, 2022-2023 жылдары ҚМГ өз акционерлеріне 300 млрд теңге көлемінде дивиденд төлеген. Ал биылғы көрсеткіштер 50 млрд тенгеге артық.
«2022 және 2023 жылдары Компания акционерлерге әр жылға тиісінше 300 млрд теңге мөлшерінде рекордтық дивидендтер төледі. 2024 жылы 350 млрд теңге мөлшерінде дивидендтер төлеу жоспарлануда»,- деді Хасенов.
Хасенов «ҚазМұнайГаз» кредиттік тетіктің қолайлы деңгейін сақтап, қарыз міндеттемелерін жоспарлы азайту бойынша тұрақты түрде жұмыс жүргізілетінін айтты. Сондай шаралардың негізінде 2017 жылдан бастап, топтың қарызы 13 млрд АҚШ долларынан 7,9 млрд АҚШ долларына дейін азайған. Дивидендтер көлемінің артуына әсер еткен фактор ретінде ҚМГ төрағасы осыны атады.
«Өсіп келе жатқан дивидендтер мен қарыздың азаюы – компанияның тиімді жұмысына дәлел бола алады. «ҚазМұнайГаздың» қаржылық жағдайы тұрақты. Өтімділік пен қарызды тиімді басқару есебінен қаржылық тұрақтылық көрсеткіштерінің жақсарғаны байқалады. Халықаралық рейтингтік агенттіктердің «ҚазМұнайГазға» неғұрлым позитивті баға бергені де осының дәлелі»,- деді компания басшысы.
Айта кетсек, IPO-ға шыққан сәттен бастап ҚМГ акцияларының құны бір акция үшін 8,4 мың теңгеден 13,4 мың теңгеге жетіп, 60%-ға өскен. Ал жалпы орналастыруда 18,3 млн акцияның құны 153,9 млрд теңгені құраған.
2023 жылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлеріне 1 қарапайым акция үшін 491,71 теңге көлемінде дивиденд төледі.