Қазақстанның кен орындарында мұнай сарқылып жатыр – Энергетика министрі

Жарияланды
Министр 2040 жылға қарай біршама кен орындарында мұнай өндіру көлемі төмендейтінін айтты / Фото: kursiv.media

Қазақстанның кен орындарында мұнай сарқылып жатыр. Бұл туралы Үкімет сағатында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

Министрдің мәліметінше мұнай өндіру көлемінің 30%-ын қамтамасыз ететін кен орындарының көпшілігінде мұнай өндіру көлемі төмендеген. Сонымен бірге көпшілігі мұнай игерудің кеш сатысындағы кен орындары саналады.

«Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстарында мұнай өндірудің айтарлықтай төмендегені байқалады. Бұл ретте екі облыс мұнайдың негізгі бөлігін ішкі нарыққа жеткізетінін атап өткім келеді», – деді Сәтқалиев.

Ал 2040 жылға қарай ірі кен орындарын қоспағанда, басқа кен орындарында да мұнай өндіру көлемі төмендейді деп күтілуде.

Сәтқалиев бұл мәселені шешу үшін жетілген кен орындарын қолдау шаралары әзірленгенін айтты. Соның ішінде салықтық сипатта жаңа өндіріс технологияларын әзірлеуге және енгізуге міндетті түрде қайта инвестициялау шарты енгізілмекші. Бұл 2045 жылға қарай шамамен 40 млн тонна мұнайды қосымша өндіруге мүмкіндік береді.

Еске сала кетсек, Қазақстанда мұнай қорының сарқылып бара жатқанын ескере келе, «ҚазМұнайГаз» Қытайдың CNPC компаниясымен бірігіп, Қызылорда облысында мұнай іздеуге көшкен болатын.

Сондай-ақ оқыңыз