Қырғызстанда ҰҚМК төрағасы Ташиев пен оның отбасын өлтірмек болған әскери ұшқыш ұсталды

Жарияланды
Қырғызстанның құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, «Ж.А.С» көздегенін іске асыруға ұзақ уақыт дайындалған көрінеді/фото: ҰҚМК ресми сайты

Қырғызстанның ҰҚМК төрағасы Қамшыбек Ташиевке аты-жөнін көрсетпей, өлтіремін деп хат жазған адам әскери ұшқыш болып шықты. Қырғызстанның президенті Садыр Жапаров бұл жайтқа байланысты арнайы тапсырма беріп, ҰҚМК, ІІМ және Бас прокуратура қызметкерлерінен тергеу-шұғыл топ құрған болатын.

Тергеу-іздестіру барысында «Ж.А.С.» атты азамат ұсталып отыр. Ол бұрын екі мәрте сотталған адам болып шықты. Өзі әскери ұшқыш. Шектеулі әскери контингент құрамында ауған шекарасында қызмет атқарған. Сол жерде жауынгерлік тәжірибе жинаған. 1994 жылдан бастап Қырғызстанның қарулы күштерінде қызмет еткен. Қоқан-лоқы авторы осы адам екені нақты айғақтармен анықталып отыр.

Қырғызстанның құқық қорғау органдарының мәліметіне қарағанда, «Ж.А.С» көздегенін іске асыруға ұзақ уақыт дайындалған көрінеді. Және қылмысының ізін жасыру жолдарын да жіті қарастырған.

Әскери ұшқыш электронды форматта анонимді хат дайындап, онда Ташиев пен оның отбасын өлтіретінін жазған. Сосын ол хатты флеш картаға жүктеп, оны конвертке ораған. Ізін жасыру үшін, конвертті үйсіз-күйсіз бір адамға беріп, арнайы қызметтің қоғамдық қабылдауына апарып беруін тапсырған. Бұл қызметі үшін азық-түлік берген.

«Ж.А.С.» ұсталған соң, оған айып тағылып, Бішкек соты қамауға алу шарасын қолданды.

Қылмыстық іс аясында анонимді хат жазылған компьютер, конвертке мөр қойылған сүргіш тәркіленіп, сараптама тағайындалды. Бұл іске басқа адамдардың қатысы бар-жоғы анықталып жатыр. Сонымен қатар, шетелдік мемлекеттердің арнайы қызметінің және деструктивті күштердің қатысы да тексерілмек.

Десе де, істің егжей-тегжейі тергеу мақсатында жарияланбайды.

Сондай-ақ оқыңыз