Талғар ауданы әкімі сайлауына тіркелген үш үміткер кім?
Алматы облысы Талғар ауданы аумақтық сайлау комиссия Талғар қаласы әкімі қызметіне үміткерлерді тіркеу қорытындысын жариялады. Оған сүйенсек, қала әкімі болуға әкімдіктің төңірегінде қызмет атқаратын үш кандидат іріктеліп тіркеліп отыр.
Атап айтқанда, олар – Amanat партиясының өкілі Арыстанбек Әбілхайырұлы «Талғар тұрғын үй» ЖШС басшысы (1983 жылғы), Қазақстанның халық партиясы өкілі Жәнібек Кәденов Талғар ауданы әкімі апаратының қаржы-шаруашылық бөлімінің бас маманы (1991 жылғы), өзін-өзі ұсынған Әлібек Рамазанов «Бесағаш» ауылдық округі әкімінің орынбасары (1982 жылғы).
Әкімдіктің сайтындағы мәліметте, 19 қарашада үш кандидат өз өтініші бойынша сайлау додасына түспейтінін жария еткен. Кандидатурасы алынғандар – Махсетбай Серікбаев, Ринат Сәдуақасов және Жарқын Амандосұлы.
Мұның алдында аумақтық сайлау комиссиясы 19 қарашада үміткерлерді тіркеу аяқталған күні 9 кандидат тіркелгенін жария еткен болатын. Іріктеліп, сайлауға түсетін үш кандидатты айтпағанда, тағы 6 үміткер өзін-өзін ұсынған еді. Кандидаттардың төртеуі уақытша жұмыссыз жүрген адамдар екені мәлім болды.
Екі кандидат талапқа сай келмесе, төртеуі орта жолдан райынан қайтып, өз еркімен сайлауға түсуден бас тартты. Сайлау 15 желтоқсан күні өтеді.