Ұлттық қорға қауіп қайдан? Арман Бейсембаев қазіргі ахуалға баға берді
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев жүргізген Taldau Talks подкасында Ұлттық қордан алынып жатқан қаржының өзі тиімді жұмсалмай жатқаны туралы айтылды. Экономист Айдархан Құсайновтың пікірінше, мұның басты себебі – мемлекеттің бағаны реттеу, ұстап тұру саясаты. Өйткені нарықтық экономикада бағаның маңызы өте зор.
«Егер бағаны (кәсіпкерлер сұраған – ред) бермесеңдер, салық жинай алмайсыңдар. Салық жиналмаса, Ұлттық қорға қол саласыңдар. Ұлттық қордан ақша алсаңдар, импорттың бағасын қысасыңдар. Сондықтан тағы да салық жинай алмайсыңдар. Бұл аз болса, ол жабылып қалмас үшін оған да ақша бересіңдер. Өйткені нарықтық баға жоқ. Біз ұлттық қордан алған ақша арқылы импортты арзандатып отырмыз. Бізде бизнеске оның дамуына емес, жай ғана оның өмір сүруіне субсидия беріледі. Бізде бизнес мемлекеттің қолдауымен өмір сүріп жатыр», – деді Айдархан Құсайынов.
Ұлттық қордың тиімсіз жұмсалып жатыр деген пікірмен экономист Арман Бейсембаев та келіседі. Оның айтуынша, Ұлттық қордың ақшасы бюджетке барады. Ал біздікі – әлеуметтік бюджет. Яғни ақша, зейнетақы, айлық және басқа да әлеуметтік шығындарға жұмсалады.
«Бұдан бөлек, мемлекеттік бағдарламаларға – жеңілдігі бар бизнес бағдарламаларға, ипотека, автокредит және тағын тағыларға кетеді. Тиімсіздігі, Ұлттық қордың ақшасы желініп жатыр. Бұл «өнімсіз» шығындар деп аталады. Дұрысы, Ұлттық қордың ақшасы болашағы бар дүниелерге бағытталуы тиіс. Мәселен, болашағы бар саланы құруға, адам капиталына, ғылыми зерттеулерге, әзірлемелерге, инновацияға жұмсалуы қажет», – дейді сарапшы.
Арман Бейсембаевтың пікірінше, бұдан лезде эффект болмайды, бірақ бұл 10-15 жылдан кейін жақсы нәтиже береді. Ал Ұлттық қордан ақша алып, оны әлеуметтік міндеттемелерге жұмсау ақшаны желге шашумен тең.
«Бұл қордың ақшасы болашақ ұрпаққа арналған. Демек болашақ үшін жұмсалуы қажет. Қазір ақша басқа нәрселерге жұмсалып жатыр. Басты түйткіл осында. Ең бастысы, мемлекет осы шығындарды арттыра түсті. Бұл – үлкен проблема», – дейді экономист.
Арман Бейсембаев әзірге Ұлттық қорға дәл қазірге кезде төніп тұрған қауіп жоқ екенін айтады.
«Бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан трансферт саясаты өзгеруі де мүмкін. Сондықтан мұны жазмышқа жатқызуға болмас. Ұлттық қордан тек ақша алып отырған жоқпыз, түсіп жатқан қаражат та бар екенін ұмытпауымыз керек. Мұнай бағасы жеткілікті деңгейде жоғары болып тұрса, түсім де, алу да болады. Әзірге жағдай теңгерім жағдайында тұр», – экономист.
Арман Бейсембаевтың айтуынша, 2022 жылы жағдай жақсырақ еді. Түсіммен салыстырғанда, алынған ақша аз болды. 5 трлн теңгеден көп қаржы түсті. Алғанымыз – 4 трлн. Ол кезде мұнай бағасы жоғары болып тұрды.
2023 жылы жағдай нашарлай түскен. Үкімет бүкіл лимитті таңдаған.
«Ұлттық қорға біздің экпортерлерімізден түсім түсті. Бұған қоса, инвест табыс кірді. Бұл жылы мұның бәрін алдық. Былтыр Ұлттық қорымыз көбеймеді. Бірақ азайған да жоқ. Жылды «нөл» деген көрсеткішпен аяқтадық», – дейді сарапшы.
Экономистің бағалауынша, биылғы жағдай да осыған ұқсайды. Алғанымыз түсімнің шамасында. Алайда кері кетпедік. Жыл соңына дейін «минусқа» кіруіміз де ықтимал. Өйткені мұнай бағасы түсті. Былтырғымен салыстырғанда түсім де азайды.
«Ұлттық қор активі бойынша, 61,3 млрд АҚШ доллары болды. Жыл соңында 60 миллиард қалды. Келесі жылы қандай болатынын көре жатармыз. Мұнай бағасы түспесе, барреліне 70-80 доллар болып тұрса, онда белгілі бір түсім түседі. Тағы да қаржы аламыз. Тағы да «нөлге» шығамыз. Қазір бәрі жақсы. Қорқатын ештеңе жоқ. Қаржы алып, Ұлттық қорды тауысамыз деуге болмас», – дейді экономист.
Ұлттық қор тек бір жағдайда ғана ада болуы ғажап емес.
«Мұнай бағасы қатты құлдырайтын болса, екі-үш жыл бойы өте төмен деңгейде қалса, онда трансферт ұлғайып, түсім күрт азаяды. Сонда «минусқа» кетеді. Мұндай сценарий жүзеге асса, бұл – үлкен проблема. Бірақ ол да нөлдік проблема емес. Дональд Трамп уәде еткендей, мұнай бағасы барреліне 40 долларға түссе, бұл – біз үшін жаман. Төрт жыл бойы осындай баға қалыптасса, Ұлттық қор екі есеге дейін, тіпті одан да төменге азаяды», – дейді экономист.