Жаңалықтар

Ресейлік «Газпром» компаниясы Қарашығанақтағы газды өңдеу және сату бойынша қызмет көрсетеді

Ресейлік «Газпром» Қарашығанақтағы газды өңдейді/ фото: «Газпром» сайты

Ресейлік «Газпром» кәсіпорны Қазақстан Үкіметімен келісімге келді.

«Газпром» ЖАҚ басқарма төрағасы Алексей Миллер мен ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр жаңа жобаны талқылады. Екі тарап газбен жабдықтау және көгілдір отын тасымалдау мәселесін қаузады.

«Кездесуде 2025-2026 жылдарға арналған Қарашығанақ кен орнындағы газды өңдеу және сатудың негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды», – деп хабарлады «Газпромның» баспасөз қызметі.

2023 жылдың қазан айында Өзбекстан Республикасының тұтынушыларына Қазақстан Республикасының аумағы арқылы ресейлік табиғи газ жеткізіле бастады. Тасымал  «Орталық Азия – Орталық» газ құбыры арқылы жүзеге асты.

2023 жылдың қарашасында «Газпром» мен Қазақстан үкіметі стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

«Газпром» –  энергетикалық компания. Оның негізгі қызметі – геологиялық барлау, көгілдір отын, газ конденсатын және мұнайды өндіру, тасымалдау, сақтау, өңдеу және өткізу, газды мотор отыны ретінде сату, сондай-ақ жылу және электр энергиясын өндіру және сату.

Ресейлік кәсіпорын ресейлік және шетелдік тұтынушыларға табиғи газ жеткізеді. Компания әлемдегі ең ірі газ тасымалдау жүйесіне ие, оның ұзындығы Ресейде 180,6 мың км.