2030 жылдан кейін Қазақстанға қажет болатын төртінші жаңа мұнай өңдеу зауыты еліміздің батыс өңірінде салынуы мүмкін. Бұл жайында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.
«Алдын ала қарастырылып отырған алаң – Батыс Қазақстан. Ол мәселе қаралуда және жоспарға енгізілген. Біз мұндай зауытты 2030 жылдан кейін жылына 10 млн тоннаға дейінгі қуаттылықпен салуды жоспарлап отырмыз», – деді Сәтқалиев Мәжіліс кулуарында.
Министрдің айтуынша, мұнай өңдеу зауытын салу туралы түпкілікті шешім көлік құралдарын электрмен жабдықтау қарқынына, энергия ресурстарын тұтыну деңгейіне және Қазақстанның экспорттық мүмкіндіктеріне байланысты болады.
«Біз өнімнің бір бөлігін экспортқа шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жай ғана мұнай өңдеу зауыты емес, толыққанды мұнай-газ әрі химиялық кешен болады. Бұл өнімдер айтарлықтай сұранысқа ие», – деп түсіндірді министр.
Ал жобаның жалпы құны туралы сұраққа Сәтқалиев пікір білдіруден бас тартты. Алдын- ала техникалық-экономикалық негіздеменің нәтижесін күту керек екенін алға тартты.
Сондай-ақ министр 2036 жылы ашық мұнай өнімдерінің тапшылығы сезілуі мүмкін екенін атап өтті. Сол үшін де мұнай өңдеу зауытын 2030 жылдан кешіктірмеу керек екенін айтты. Жаңа мұнай өңдеу зауыты 2040 – 2050 жылдар аралығында елдің жанар-жағармайға деген қажеттілігін толық жабады. Сондай-ақ Орталық, Оңтүстік және Оңтүстік-Батыс Азияның қарқынды дамып жатқан нарықтарына жанар-жағармай экспорттауға мүмкіндік береді.