155 мыңнан астам қазақстандық дәрігер өздерін кәсіби қателіктерінен сақтандырды
Қазан айының соңынан бастап Қазақстанда медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесі енгізілді. Бүгінгі күнге дейін 155 мыңнан астам дәрігер өздерінің жауапкершілігін сақтандыру үшін 712 шарт жасап үлгерген. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Мария Хаджиева айтты.
«Биыл 23 қазаннан бастап енгізілген медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін жүктелген сақтандыруға жеке тоқталғым келеді. Сақтандырудың бұл түрі халықты медицина қызметкерлерінің кәсіби қателіктерінен, медициналық қызмет көрсетудің сапасыздығынан қорғауды күшейтуге бағытталған және пациенттердің көрсетілетін медициналық көмектің сапасына деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді», – деп хабарлады Агенттік Төрағасының орынбасары.
Бүгінге дейін 155 150 медицина қызметкері өздерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандырып үлгерген. Бұл дегеніміз енді дәрігерлердің қателіктері үшін, өтемақыны сақтандыру компаниясы төлейді. Сондай-ақ соңғы 7 жылда нарықта адвокаттар, заң кеңесшілері, жеке сот орындаушылары, кеден өкілдері, кеден қоймасы иелері, дәрігерлер өздерінің кәсіптік жауапкершілігін жиі сақтандыратын болған.
Агенттік өкілінің мәліметінше, бүгінде еліміздің сақтандыру нарығында 25 сақтандыру ұйымы бар болса, соның 15-і жалпы сақтандырумен айналысады, ал 10-ы өмірді сақтандыру саласында жұмыс істейді. «Өмірді сақтандыру» саласы сақтандыру нарығының өсу драйверіне айналған.
«Биыл 1 қарашада бұл сала сақтандыру нарығының жиынтық активтерінің ең көп үлесін алады, атап айтқанда 52,5%. Соңғы 5 жылда сала активтері 2 еседен астам өсіп, 1,5 трлн теңгеге жетті», – деді Хаджиева ОКҚ алаңында өткен брифингте.
Агенттік төрағасының орынбасары өмірді сақтандыру саласы бойынша сақтандыру төлемдері соңғы 5 жылда 5 есеге, атап айтқанда 21 млрд теңгеден 91 млрд теңгеге дейін ұлғайғанын жеткізді. Төлемдердің негізгі көлемі қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға және өмірді ерікті сақтандыруға тиесілі. Жалпы сақтандыру саласында да айтарлықтай өсу байқалады.
«Компаниялардың активтері соңғы бес жылда 56%-ға ұлғайып, 1,4 трлн теңгені құрады. Ал сақтандыру төлемдерінің көлемі 70%-ға өсті. Міндетті автосақтандыру, мүлікті ерікті сақтандыру және ауырған жағдайда ерікті сақтандыру жетекші бағыттар болып қалуда»,- деді спикер.
Жалпы 2024 жылдың мамыр айындағы статистикалық мәліметке сүйенсек, қазақстандықтар өмірін сақтандыруға 200 млрд теңге жұмсаған. Қазақстандық сақтандыру секторының жыл басына бергі таза пайдасы 53,2 млрд теңгені құраған.