АҚШ пен ЕО танымал брендтері Мәскеумен ынтымақтастықты тоқтатқаннан кейін, Ресей қытайлық автоөндірушілер үшін негізгі экспорттық нарыққа айналды. Сонымен қатар ҚХР-дан автоны көптеп импорттайтын елдер қатарында Бельгия, Ұлыбритания, Мексика, БАӘ мен Сауд Арабиясы бар. Биыл Қазақстан көрші мемлекеттен жалпы сомасы 1,4 млрд долларға темір тұлпар сатып алған. Бұл туралы Қытай орталық телеарнасы (CCTV+) хабарлады.
Кейінгі 30 жылда Қытайда автокөлік өндірісінің көлемі он есе өсті
Өткен ғасырдың 80-шы жылдары Қытайда жылына 500 мыңға жуық автокөлік шығарылса, қазір 30 млн-ға жуық өндіріледі. Бейжіңнен автокөлік экспорты 15 жылдан бері үздіксіз өсіп келеді. Қытай 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында әлемдегі ең ірі темір тұлпар экспорттаушыға айналып, 2,3 млн-нан астам көлік экспорттады (2022 жылдың алғашқы 6 айымен салыстырғанда +76,9%). Бұл ретте Жапония 2 млн-ға жуық автокөлік экспорттаған.
Биыл да әлемдік авто нарықтағы үлесін арттырды
2024 жылдың соңына қарай Қытайдан автокөлік экспорты 6 млн автомобильден асады деп болжанып отыр және абсолютті рекордқа баланады. Себебі 2024 жылдың қаңтар-тамызында экспорт 4,1 млн-ға жуық автомобильді құрады. Бұл 2023 жылға қарағанда 39%-ға көп.
Қытай көліктерін импорттау бойынша көшбасшылар
«Биылғы жылдың алғашқы сегіз айында Қытай үшін ең маңызды экспорттық нарық Ресей болды. Аталған елге 700 мыңнан астам автокөлік сатылды», – деп жазды Financial Time басылымы.
Екінші орында Мексика, одан кейін БАӘ мен Бразилия тұр, ал Бельгия алғашқы бестікті қорытындылайды.
Бұл ретте экспорттық көліктердің саны ғана емес, олардың бағасы да өсіп келеді. Мәселен, 2021 жылы шетелге тасымалданған бір автокөлік орташа есеппен 16 мың долларға бағаланса, 2022 жылы – 18 мың доллар, ал 2024 жылы 19 мың доллар тұрған.
Мексикаға экспорт
2024 жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы бойынша, Мексика қытайлық автокөліктердің экспорттық нарықтарының тізімінде екінші орында тұр. Дегенмен Ресейден айырмашылығы, бұл елде қытайлық автоөнеркәсіп басым емес.
Focus2move аналитикалық агенттігінің мәліметінше, Мексика нарығындағы негізгі брендтер Nissan (2024 жылдың алғашқы сегіз айында 164 261 бірлік), Chevrolet (126 721 бірлік) және Volkswagen (86 483 бірлік).
Мексикадағы ең танымал қытайлық компания JAC. Бірақ ол бар болғаны 15-орында тұр. «Қытайлықтардың» ішінде екінші орында бізге бейтаныс Chirey бренді. Бірақ, шын мәнінде, бұл көпке белгілі Chery бренді. Мексикада аталған брендті сату құқығы америкалық кәсіпкер Малкольм Бриклинге тиесілі. Сондықтан «пысық» қытайлар автоны өткізудің осындай жанама жолын тапқан.
Біріккен Араб Әмірліктері де көш басында
БАӘ 2024 жылы қытайлық автокөліктерді сатып алушылар тізімінен табылды. Бұл ел экспорттық бағыттардың арасында үшінші орында. Дегенмен мұнда да қытайлық автолар айтарлықтай танымал емес.
Әмірліктерде бірінші орындарда жапондық: Toyota, Nissan және Mitsubishi тұр. Төртінші орында MG, ол қытайлық SAIC Motor компаниясына тиесілі болғанмен, британдық болып саналады. Алғашқы бестікті Hyundai қорытындылайды.
БАӘ-дегі сатылым бойынша ең алда тұрған қытайлық бренд JAC. Аталған бренд сатылым бойынша 10-орынға жеткен.
Қытайлық көліктер Бразилия нарығын да «жаулай» бастады
Бразилия автомобиль сатылымы бойынша Ресейден асып түсті. Егер қаңтар-қазан айларында РФ-ға 1,3 млн-нан аса көлік сатса, Бразилия – 1,99 млн авто алған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14,68% артық.
Focus2move мәліметтері бойынша, Бразилия автокөлік нарығының көшбасшысы Итальядан шығатын FIAT (422 мыңнан астам автомобиль) болып есептеледі. Үздік үштікке сонымен қатар немістің Volkswagen (320 мың бірлік) және америкалық Chevrolet (252 мың бірлік) кіреді.
Бірақ 2024 жылды гибридтер мен электромобильдер шығаратын қытайлық BYD брендінің жылы деп атауға болады. Биыл Бразилияда осы бренд үлгілеріне сұраныс бірден 534%-ға өсіп, 53 мыңға жетті. BYD биылғы рейтингте 10 сатыға көтерілді және қазір елдегі ең танымал автолар тізімінде 7-орында тұр.
Бельгия тарапынан сұраныс артты ма?
Бельгия Қытайдан темір тұлпар импорттау бойынша бесінші орында. Бірақ сарапшылар статистика шындыққа жанаспайды деп есептейді. 2024 жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында бұл елге 182 мыңнан астам автокөлік жеткізілді. Бірақ бұл Бельгия нарығын Қытайдың автомобиль өнеркәсібі жаулап алды дегенді білдірмейді. Қытайдан көптеген көліктер теңіз арқылы Бельгия порттарына келеді. Сол жерден Еуропаға тасымалданады. Тағы бір қызықты факт, Бельгияға экспортталатын көліктердің барлығы дерлік зарядталатын гибридтер немесе электромобильдер санатына жатады.
Қазіргі уақытта Бельгиядағы ең танымал брендтер – BMW, Volkswagen, Mercedes-Benz, Audi және Peugeot. Сондай-ақ Бельгияда қытайлық көліктер, оның ішінде негізінен BYD сатылады. Бірақ бұл бренд ең танымалдар тізімінде тек 23-орында. Бірақ биыл аталған брендке сұраныс күрт артқан (+485%). Бельгия нарығында BYD неміс көліктерін әлі басып оза алмай келеді. Егер BMW және Volkswagen 2024 жылдың қазан айында ғана 40 мыңнан астам көлік сатса, BYD бар болғаны 2071 көлік өткізген.
Қытай жаңа ғана емес, ескі көліктерін де көптеп экспорттауға көшкен. Мәселен аталған елдің Автомобиль дилерлері қауымдастығы (CADA) жариялаған соңғы ресми деректерге сәйкес, ҚХР-да тізгінделген автокөлік экспорты 2023 жылы 270 000 бірлікке жеткен. 2024 жылы 400 000 бірліктен асады деп болжануда.
Еске сала кетсек, сарапшылардың айтуынша, Қазақстанға BYD бренді келсе, көлік бағасы арзандауы мүмкін. Биылғы жылы Қытайдан автокөлік экспорты 40% шамасында өсті. 2024 жылдың басынан бері 4,09 млн автомобиль шетелге сатылған. Оның басым бөлігі BYD болды.