АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп қызметіне кіріспей жатып Мексика мен Канададан келетін тауарларға 25%, Қытайдан импорттық заттарға 10% баж салығын енгізуге уәде берді. Ол мұны заңсыз көші-қонмен және есірткі контрабандасымен күресу үшін қабылданған шешім деп түсіндірді. Бұл туралы Bloomberg агенттігі хабарлады.
Құжат 2025 жылы 20 қаңтарда қабылданбақ
«АҚШ Мексика мен Канаданың барлық тауарына 25% баж салығын енгізеді. Бұл шешім заңсыз мигранттар ағыны мен есірткі контрабандасымен байланысты», – деді Дональд Трамп өзінің Truth әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Республикашыл тиісті бұйрыққа 20 қаңтарда қол қоятынын жеткізді.
«Бұл тариф есірткі және заңсыз иммигранттар елімізге келуін тоқтатқанша сақталады», – деп жазды Трамп.
Оның айтуынша, қазір Құрама шаттарға есірткі бұрын-соңды болмаған ауқымда әкелініп жатыр.
Айта кететіні, 2023 жылы Мексикадан экспорттың 83%-ы АҚШ-қа, ал 75%-ы Канадаға бағытталды.
Сарапшылар Трамптың жаңа салық енгізу қаупі АҚШ-Мексика-Канада еркін сауда келісімінің (USMCA) шарттарын бұзатынын айтады. Бұл келісім 2020 жылы күшіне енді және бұрынғы Солтүстік Америка еркін сауда келісімін (NAFTA) ауыстырған пактіге сәйкес үш ел арасындағы негізінен салықсыз сауда жалғасты.
АҚШ Бейжіңді айыптады
Bloomberg мәліметтері бойынша, Трамп сонымен қатар Қытайдан келетін тауарларға 10% салық салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұған оның «Қытай Америкаға заңсыз есірткі тасымалдауға көмектеседі» деген күдігі түрткі болған. Бейжің Трамптың бұл айыптауын жоққа шығарды. Вашингтондағы Қытай дипломатиялық миссиясының өкілі Лю Пэнгю БАҚ-қа берген сұхбатында мұндай мәлімдемелер фактілер мен шындыққа мүлдем қайшы екенін айтты.
«АҚШ-тың Қытайға салынатын баж салығы мәселесінде Бейжің қазіргі Қытай-АҚШ экономикалық және сауда ынтымақтастығы екі жаққа да тиімді деп санайды. Сауда соғысында да, тарифтер соғысында да ешкім жеңіске жете алмайды», – деді Лю Пэнгю.
Трамп АҚШ-тағы заңсыз мигранттармен күресуді жоспарлап отыр
«Ақ үйдің» жаңа иесі өзінің президент болып сайланған бірінші күнінде «заң бұзатын мигранттары бар әр қала мен елдімекенді құтқарамын, олар мүмкіндігінше тезірек қуылады» деп уәде берді.
«АҚШ-тағы қылмыскерлерді азайту үшін ең үлкен депортациялау бағдарламасын іске қосамын», – деген.
11 қарашада Трамп Томас Хоманды Шекара қауіпсіздігі және заңсыз мигранттарды депортациялауға жауапты қызметке тағайындады. Ол Америкадағы иммиграцияны қадағалап, теңіз және авиация қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар заңсыз мигранттарды өз елдеріне депортациялау үшін жауапты болады.
Еске сала кетсек, Reuters жүргізген сауалнамада, экономистер Трамп 2025 жылы Қытайдан әкелінетін тауарларға 40% салық енгізеді деп болжаған еді. Мұндай баж Қытай экономикасының дамуын шамамен бір 1 пайыздық тармаққа төмендетуі мүмкін. Сарапшылар 2025 жылы Қытайда ЖІӨ 4,5-4,8%, 2026 жылы 4,2% өседі деген болжам жасап отыр.