Соғыс басталғалы Ресей мен Қазақстан арасындағы экономикалық байланыс айтарлықтай өзгерді. Ресейдің Украинаға басып кіруі Қазақстан экономикасына біршама әсер етті. Олардың ішінде экономикалық ынтымақтастықтың күшеюі мен жаңа бағыттарға бейімделу байқалады.
Көші-қон айрымындағы оң динамика
2023 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы көші-қон айырымы (-26) құрап, соңғы 23 жылдағы ең төменгі мәнге жетті. Осы жылдар ішінде Қазақстан азаматтарының Ресейге көшуі үлкен көлемде болды. Алайда жылдан-жылға бұл көрсеткіш азайып, оң динамикаға шығу алдында тұрмыз. Азаматтардың Ресейге көшу үрдісі осылайша азайып, керісінше бізге көшіп келушілер артып келеді.
Келуші саны артып, кетушілер азайған
2023 жылы ресми мәлімет бойынша Қазақстаннан Ресейге тұрақты тұруға 11 737 азамат көшіп кеткен. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 3,4 есеге аз. Ал 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге аз көрсеткіш болып отыр. Елімізден солтүстік көрші елге көшуі азайып келеді.
Керісінше, Ресейден Қазақстанға тұрақты тұруға көшіп келушілер саны артып келеді. Былтыр ресейден 11 711 азамат көшіп келді, бұл соңғы он жылдағы ең үлкен көрсеткіш. Сондай-ақ жыл сайын көшіп келушілер саны артуда. Мәселен, 2019 жылмен салыстырғанда ресейліктер елімізге 3,5 есеге көп азамат көшіп келген.
Сауда айналым: экспорт еселеніп, импортқа тәуелділік азайып келеді
2024 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Қазақстан мен Ресей арасындағы тауар айналымы 19,5 млрд долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2023 жылмен салыстырғанда өсім бар екенін көрсетеді. Сауда құрылымында Қазақстаннан экспорттың негізгі бөлігін минералды ресурстар, оның ішінде металдар, кендер мен концентраттар, сондай-ақ ферроқорытпалар құрайды. Ал Ресейден импорт көбінесе машиналар, жабдықтар, химиялық өнімдер, азық-түлік және металл бұйымдары болып отыр.
Қазақстан Ресейден әрбір үшінші тауарын импорттайды. Мәселен, 2021 жылы жалпы импорттағы Ресейдің үлесі 42,5%-ға дейін жетткен. Соңғы жылдары еуропалық тауарллардың ресей арқылы келуі және жеткізу тізбегінің өзгеруіне байланысты Қазақстан біртіндеп Ресей импортын азайта бастады. Былтыр солтүстік көршімізден жалпы импорттың 27,9%-ын құрады. Ал биылғы жылдың 9 айындағы мәлімет бойынша Ресейдің үлесі тағы да азайып, 27,3% болды.
Ресейге экспорт көлемі соңғы 4 жылда еселенді. Мысалы, 2020 жылы 5 млрд доллардан 2023 жылы 10,2 млрд долларға дейін өскен. 2024 жылдың 9 айында көрші елге құны 6,8 миллиард долларға жуық тауар экспорттадық.
Екі елдің сауда қарым-қатынасы Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы келісімдер арқылы ынталандырылуда. Сонымен қатар экспорттық-импорттық операцияларды жеделдету мақсатында үкіметаралық консультациялар тұрақты өткізіліп келеді. Бұл тауар айналымын әрі қарай арттыруға ықпал етуде
Ресейлік компаниялардың Қазақстанға көшуі жалғасуда.
2024 жылдың 1 қарашадағы жағдай бойынша елімізде шетелдік заңды тұлғалардың жалпы саны 59 351 компания болса, соның 39,6% немесе 23 535 компания тіркелген. Ал Ресеймен бірлескен компаниялардың саны 5007 компания. Осылайша Ресейлік компаниялар Қазақстанға көшу (релокация) үрдісі белсенді жалғасуда.
Ресейдің Украинаға басып кіруі мен санкциялардан кейін, көптеген ресейлік компания Қазақстанға көшуді бастады. Бұл үрдіс 2022 жылдың басынан бастап байқала бастады және 2023 жылға қарай айтарлықтай артты. Ресейлік ірі компаниялар, соның ішінде TikTok және Indriver, Қазақстанда тіркеуден өтті. 2023 жылдың ортасына қарай Қазақстанда тіркелген ресейлік компаниялар саны айтарлықтай өсті. Бұл көшу санкциялардан және Ресей нарығындағы бизнес жүргізуге кедергілерден аулақ болу үшін жасалып жатыр. Қазақстан тұрақты бизнес ортасы мен қолайлы инвестициялық ахуалы арқасында көптеген компания үшін тартымды орынға айналды. Сонымен қатар Қазақстан бұл өзгерістерді экономиканың әртараптануына және шетелдік инвестицияларды тартуға мүмкіндік ретінде қарастырып отыр
«Капиталдың қашуы» немесе Ресей инвесторларының Қазақстанға қызығушылығы
Ресей Қазақстан экономикасындағы ірі инвесторлардың бірі. Негізгі инвестициялар тау-кен өндіру, энергетика, құрылыс, және көлік-логистика салаларында шоғырланған.
2023 жылы Ресей елімізге 3,0 млрд доллардан астам рекордтық инвестиция салды. Соңғы 19 жылда Ресей инвесторларының жиынтық инвестиция көлемі жылына шамамен орташа 1,2-1,5 млрд доллар болатын. Алайда былтыр бұл көрсеткіш еселенді. Ресей 2005-2024 (ІІ тоқсан) жылдары 24,0 млрд доллардан астам инвестиция құйған. Ал Қазақстан, керісінше, Ресейге 6 млрд доллардан астам инвестиция құйған.
Ресейдің Қазақстанға инвестициясы екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың маңызды бөлігін құрайды және түрлі салаларда жүзеге асырылады. 2024 жылдың деректері бойынша, Ресей Қазақстанға ең ірі сыртқы инвесторлардың бірі, әсіресе, өнеркәсіп, энергетика, көлік және инфрақұрылым салаларында. Қазақстанның экономикасына Ресей тарапынан инвестиция көлемі шамамен 20 млрд долларды құрайды.
Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық әріптестік болашақта түрлі салаларда дамып, екі елдің экономикаларын нығайта түсуі мүмкін. Бұл процеске санкциялар мен халықаралық жағдайлар әсер еткенімен, ынтымақтастықтың артуы мен жаңа мүмкіндіктердің ашылуы ықтимал. Дегенмен де Қазақстанның тек бір көршімен тығыз экономикалық байланысы үлкен тәуекелдерге алып келуі мүмкін. Импортты өзге елдермен әртараптандырып, жеткізу тізбегін құрған жөн. Екі елдің тығыз байланысы макроэкономикалық тұрғыда екі елдің инфляциялық, валюталық және ақша несие саясатына әсер етіп келеді. Ресей нарығы үлкен екенін ескерсек, бірінші кезекте Қазақстанға белгілі бір дәрежеде кері әсерін береді.