Алматыда тепловозбен маршруттық автобус соқтығысқаннан кейін, 80 жастағы әйел адам ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау департаменті хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, оқиға салдарынан жеті адам жапа шеккен. Зардап шеккендердің қатарында 80 жастағы әйелдің оң жақ қабырғалары мен білек сүйегі сынып, жедел шұғыл көмек көрсетіліп ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін айтады.
Бұдан бөлек, бір науқас көпбейінді клиникалық ауруханаға жеткізілсе, бес адам тексеруден кейін үйлеріне қайтқан.
Айта кетейік, оқиға Алмалы ауданында күндізгі сағат 11:40 шамасында болған.
«Жеке тасымалдаушыға тиесілі 88-бағыттағы автобус, Әуезов көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, Гоголь көшесінің солтүстігінде, батысқа қарай темір жол бойымен келе жатқан тепловозбен соқтығысқан», – делінген полиция хабарламасында.
Оқиғаға кімнің кінәлі болғаны туралы нақты ақпарат әлі берілген жоқ.