Жаңалықтар

Ара шаруашылығын дамытуға 564 млн теңге бөлінеді

Ара шаруашылығын дамытуға 564 млн теңге бөлінеді
Ара шаруашылығын дамытуға 564 млн теңге бөлінеді / Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алдағы үш жылда Қазақстандағы ара шаруашылығын дамытуға 564 млн теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл туралы сенаторлар сауалына жауап берген премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында жазылған.

«Ауыл шаруашылығы министрлігі ара шаруашылығын дамытудың 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасының жобасын әзірледі. Ол қазір ЕО салалық қауымдастықтарымен талқылануда. Келесі үш жылға шамамен 564,6 млн теңге қарастырылған», — деп жазды ол.

Ақпаратқа сүйенсек, елдегі ара шаруашылығын дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан арнайы жұмыс тобы құрылған.

Үкіметке сауал жолдаған сенатор Зәкіржан Кузиев 2023 жылы елдің омарташылары 4 мың тонна бал өндіргенін жазған. Депутат бұл 90-шы жылдардағы  50 мың тоннадан әлдеқайда аз екенін баса айтқан.

«Ара өсірушілер ұзақ жылдар бойы қажетті субсидияларға қол жеткізе алмай келеді. Соның әсерінен отандық өнімді экспорттай алмайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылы Қазақстанда 4 мың тоннадан астам бал өндірілген. Экспорт тек 222 тоннаны (5,5%) құрады», — делінген депутаттың сауалында.

Депутат сауалына жауап берген Бектенов елдегі омарташыларға жасалған жағдай туралы қоса жазған. Қазақстанда балға ветеринариялық-санитариялық сараптама жүргізетін 416 зертхана жұмыс істеп жатқанын атап өткен. Сондықтан қазақстандықтар нарыққа басқа елдердің ара өсірушілерінің сапасыз өнімдері келіп жатыр деп қорықпауы керек.