Алматы қаласында қоғамдық көлікте әйел адамға қол көтергені үшін 66 жастағы ер азамат қамауға алынды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ақпаратқа сүйенсек, 25 қарашада қаладағы қоғамдық көліктердің бірінде жолаушылар арасында жанжал туындап, нәтижесінде 66 жастағы ер адам қамауға алынды.
«Әйелдің дауысын қатты шығарып сөйлегеніне наразы болған жолаушы оның денесіне зақым келтірген», – делінген полиция хабарламасында.
Қамауға алынған азаматтың айтуынша, зардап шеккен қыз бала телефонмен қатты сөйлесіп отырған. Маңайдағы адамдар оған ескерту жасаған.
«Мен оған ескерту жасадым. Ол маған дөрекі сөздер айтты. Мен автоматты түрде оны ұрып жібердім», – дейді ер азамат.
Оның үстінен бұзақылық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған. Ол қазір уақытша тергеу изоляторына қамалды.