Жаңалықтар

Жетісу облысында жер сілкінді

Жетісу облысында жер сілкінді
Жетісу облысында жер сілкінді / Фото: shutterstock

Жетісу облысының шығысындағы Қазақстан-Қытай шекарасы аймағындағы өңірлерде жер сілкінді. Оқиға 25 қараша күні түнгі сағат 23:42 болған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, зардап шеккендермен қираған ғимараттар туралы деректер түспеген.

Жер сілкінісінің негізгі ошағы Қазақстан аумағында, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 257 км жердегі қазақ-қытай шекарасында орналасқан.

Тербеуді, әсіресе, осы аймақ тұрғындары қаттырақ сезінді. Алматыда 2 балл, Жаркент қаласында 4 балл, Шонжы ауылы мен Текелі қаласында 3 балл, Қырғызсай, Қарабұлақ, Жансүгіров, Көкпек ауылдарында, сондай-ақ Сарқант және Талдықорған қалаларында 2 балл сілкініс болған.

«Тіршілікті қамтамасыз ету нысандарын аралап, тексеру жұмыстарын жүргізді. Тексеру нәтижелері бойынша зақымдану табылған жоқ, қазіргі уақытта аталған объектілер штаттық режимде жұмыс істейді», – делінген министрлік хабарламасында.

Соңғы рет 5 қараша күні Алматыдан 33 шақырым қашықтықтағы аймақта жер сілкінген. Ол кезде негізгі ошақ Талғар мен Есік қалаларына жақын болған.