Әлемде жыл басынан бері криптомиллионерлер саны 95%-ға артқан. Henley & Partners консалтингтік компаниясының сарапшылары бұған Трамптың жеңісінен кейінгі «цифрлық дүрбелең» әсер етті деп топшылайды.
«Қазір әлемде 1 миллион доллардан астам криптовалюта активтеріне иелік ететін 172 300 адам бар, бұл бір жыл бұрынғыдан 95%-ға көп. Сонымен қатар биткоинға иелік ететін криптомиллионерлер саны 111%-ға өсіп, 85 400 адамға жетті», – делінген Henley & Partners есебінде.
Ал құны 100 млн доллардан асатын криптомиллионерлер саны 79%-ға артып, 325 адамды құраған. Мұндай өзгеріске крипто-активтер нарығын капиталдандырудың 89%-ға артқаны себеп болған.
Криптовалютаға сұраныс артып, бағасы шарықтай түскен уақытта 6 адам криптомиллиардер атанған. Оның бесеуінің байлығының еселене түсуіне Дональд Трамп жеңісі тұсындағы «биткоин дүмпуі» әсер еткен.
Henley & Partners сарапшылары сұраныс артқан сайын цифрлық активтерге инвесторлар көптеп келіп жатқанын, соның нәтижесінде салада қаржылық элита қалыптаса бастағанын айтады. Яғни бұған дейін инвесторлардың байлығы негізінен мүлік пен бағалы қағаздардан тұрған болса, соның қатарына енді криптовалюта кіріп жатыр.
Компания сарапшылары криптовалюта инвесторлары үшін ең қолайлы елдер рейтингін де әзірлеген. Алғашқы орындарда Сингапур, Гонконг және Біріккен Араб Әмірліктері тұр. Бұл елдер капитал өсіміне салық алмайтыны себепті, крипто инвесторлар үшін тартымды аймақ болып саналады.
Айта кетейік, 24 қараша, жексенбі күні биткоин бағасы 95,8 мың долларға дейін төмендеді. Бұған дейін екі күн бұрын оның бағасы 100 мың доллар межесіне небәрі 300 доллар жетпей тоқтаған еді.
Биткоин бағасы Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғаннан бері 45%-ға өсті. Сондай-ақ Конгреске криптовалюта жақтастарының сайлануы да өсімге әсер етті. Сайлау науқаны барысында Трамп цифрлық активтерге қолайлы реттеу ортасын құруды, биткоиннің стратегиялық қорын қалыптастыруды және АҚШ-ты әлемдік криптовалюта орталығына айналдыруды уәде еткен-ді.