Жаңалықтар

Egov Mobile қосымшасынан уақыт белдеуіне қатысты сауалнама неге алынып тасталды? Мәдиев түсіндірді

 уақыт белдеуіне қатысты
Еgov Mobile қосымшасына уақыт белдеуіне қатысты бұл сауалнама 21 қарашада орналастырылған болатын / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Еgov Mobile қосымшасынан уақыт белдеуіне қатысты сауалнама жарияланған соң, 2-3 күн өтпей алынып тасталды. Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте журналистер Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиевтен мұның себебін сұрады.

«Жалпы бұл сауалнама не үшін жарияланды және,не себепті 2-3 күн өткен соң алынып тасталды?», – деп сұрады журналист.

Мәдиев бұл сауалнаманың порталға Ғылым және жоғары білім министрлігінің тапсырысы бойынша орналастырылғанын айтты.

«Ғылым министрлігі кешенді зерттеу барысында уақыт белдеуінің ауысуы адамның күн тәртібін жоспарлауға қалай әсер ететінін білу үшін осындай саулнама жариялаған болатын. Министрлік 200 мың қатысушының жауабы алынатынын алдын ала хабарлаған. Сол көрсеткіштер бойынша талдау жүргізіледі. Бұл межеге жеткен соң, сауалнама порталдан алынып, нәтижелері министрлікке жолданды», – деді министр.

Журналистер сауалнаманың ұзағырақ тұруы қажет екенін, сауалнамада барлық қазақстандықтың жауабы ескерілуі тиіс екенін атап өтті.

«Айта кетейін, бұл зерттеу сауалнамасы, дауыс беру емес», – деп ескертті министр.

Мәдиев сауалнамаға 200 мың адамның қатысқанын, мұның өзі зерттеу жұмыстары үшін айтарлықтай үлкен көрсеткіш екенін атап өтті. Ал жалпы egov Mobile қосымшасын бір айда одан да көп, 4,5 млн адам белсенді пайдаланады.

Еске сала кетсек, 21 қарашада egov Mobile қосымшасына уақыт белдеуіне қатысты сауалнама шығарылған болатын. Онда қазіргі және бұрынғы уақыт белдеуіне қатысты сұрақтар болған. Сауалнамада «Сізге қай уақыт белдеуі оңтайлы?» деген сұрақ та болды. Ал жауапта бұрынғы уақыт белдеуіне оралу нұсқасы көрсетілген болатын.

Ғылым министрі Саясат Нұрбек 20 қараша күні бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтарға әсерін зерттеуге 160 млн теңге жұмсалатыны туралы айтқан болатын. Министр ақша жоспарланған сомадан да аз кетуі мүмкін екенін, ғылыми зерттеуге бірнеше институт қатысатынын атап өтті.