Жаңалықтар

Жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге рұқсат берілмек. Үкімет шарттарын жеңілдетіп жатыр

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді жекешелендіруге мүмкіндік берілмек / Фото: kursiv.media

Мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға берілген тұрғын үйлерді жекешелендіруге рұқсат беріледі. Бұл туралы «Ашық НҚА» порталына орналастырлған ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің құжатында жазылған.

Үкімет жалғыз баспанасы авариялық деп танылған азаматтарға жалға берілген тұрғынжайын жекешелендіруге рұқсат береді. Шарт бойынша жалғыз тұрғын үйі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық деп танылған Қазақстан Республикасының азаматтары коммуналдық тұрғын үй қорынан тұрғын үй алған кезде меншік құқығындағы авариялық тұрғын үйді Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес коммуналдық меншікке беруі керек болады.

«Жобада жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз жекешелендіру құқығын, оның ішінде жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтарға беру ұсынылады, бұл халықтың әлеуметтік осал топтарына жалға берілетін тұрғын үйді меншігіне алу құқығын беруге және ЖАО-ның мемлекеттік тұрғын үй қорын ұстауға арналған шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді»,- делінген құжатта.

Ал сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерде тұрып жатқан басқа санаттағы азаматтарға баспананы нарықтық бағадан арзанға сатып алуға рұқсат берілмек. Олар коммуналдық тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды Заңда көзделген шарттармен қалдық құны бойынша жекешелендiре алады.

«Азаматтарға бұрын сатып алу құқығынсыз берілген жалға берілетін тұрғын үйді жекешелендіру құқығын беруге байланысты алып тасталады. Бұл халықтың әлеуметтiк осал топтарына өздерi алып отырған жалға берiлетiн тұрғын үй алаңын меншiкке алуға мүмкiндiк бередi»,- делінген құжат түсіндірмесінде.

Жекешелендіру шарттары

Тұрғын үйдi сатып алу арқылы жекешелендiруді көздеген азаматтарға баспана қалдық құны бойынша сатылады. Жекешелендіруші тұрғын үйдің қалдық құнының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарнасын төлеуі керек. Одан әрі қарай үйдің қалған сомасын 10 немесе 15 жылға бөліп төлей алады. Ол пәтер құнына байланысты. Яғни:

  • Бағасы 15 млн теңгеден кем тұрғын үй он жылға дейінгі мерзімге бөліп-бөліп беріледі.
  • Қалдық құны 15 миллион теңгеден асатын тұрғын үй 15 жылға дейінгі мерзімге бөліп-бөліп беріледі.

Қалдық құны дегеніміз не? Осыған қатысты мысал келтірсек. Қазақстанда мұндай жалға берілетін тұрғын үйде ондаған мың отбасы тұрады. Ондай отбасылар тұрып жатқан пәтерлерін қалдық құны бойынша жекешелендіре алады. Яғни, егер 2019 жылы пәтер құны 8 млн теңге болса, 5 жылдан кейін жалға алушылар оны 7,2 млн теңгеге сатып ала алады.

Министрлік мәліметінше, 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 51 мың пәтер салынып, жалға берілген. Осы қаулы негізінде сол үйлерде тұратын азаматтардың барлығы пәтерді жекешелендіруге мүмкіндік алмақшы.

Қаулы 25 қараша күні талқылауға шығарылды. Талқылау 9 желтоқсанға дейін созылады.