Lifestyle

Ақша туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға көмектесетін фильмдер топтамасы 

Фильм қарағанда жай ғана уақыт өткізбей, пайдалы машық үйренуге де болады. Асылы, жақсы туынды ойын-сауыққа ғана бағытталмай, пайда әкелсе керек. Мәселен қаражатқа қатысты ой түйіп, өмірлік сабақ алуға болатын фильм көп. Kursiv Media тілшісі қаржы әлемінен ақпарат беріп, ақша туралы дұрыс түсінік қалыптастыруға көмектесетін үздік туындыларға шолу дайындады.

Танцующая в темноте/ Dancer in the Dark

Кімге көруге ұсынамыз: ақшаны банкте сақтаудан қорқып, үйде банкіге салып қойған жөн деп санайтын консерваторларға көру керек.

Фильм не туралы? Көз жанары уақыт өткен сайын әлсіреп бара жатқан Сельма есімді иммигрнат әйелдің оқиғасы баяндалады. Ол америкалық бір зауытта жұмыс істейді. Өзі сияқты соқырлықтың зардабын көріп жатқан ұлының көзіне операция жасау — өмірлік мақсаты. Егер қазір емдемесе, бірнеше жылда көзі мүлдем көрмей қалады. Сөйтіп тапқан-таянғанын үйде жинайды. Америкалық мюзиклдерді сүйіп қарайтын кейіпкер өмірде де өте аңғал еді. Сол аңғалдығын таныс полиция қызметкері пайдаланып, жинағын ұрлап кетпек болады.

Қандай ой түюге болады? Жинақты үйде ұстамаған абзал.

Шопоголик/ Confessions of a Shopaholic

Кімге көруге ұсынамыз: шкафта салатын орын болмаса да, жаңа киім ала беруге құмар шопоголиктерге көру керек.

Фильм не туралы? Бас кейіпкер қаржы бағытында жазатын басылымда істейді. Бюджетті қалай жүргізу керегін, қаржы сауатын қалай арттыруға болатынын айтып, кеңес беретін колумнист. Бірақ өзі жазатын кеңестерді өзі орындамайды. Әріптестері де оның қарызға белшесінен батып жүргенінен бейхабар. Одан қала берді керек емес заттың бәрін ала береді, дизайнерлік заттарға құмар. Көп ұзамай кейіпкер банкротқа ұшырайды. Өмірінің күл-талқаны шығады. Достары мен әріптестерінің алдында беделін қайта көтеріп, қалыпқа келтіру үшін енді оған көп нәрсені өзгерту керек болады.

Қандай ой түюге болады? Қандай зат алатын болсаңыз да, ақшасын төлемей тұрып жақсылап ойлану керек.

Мечта Кассандры/ Cassandras Dream

Кімге көруге ұсынамыз: отбасылық бизнес ашуды ойлап жүргендер көріп шыққаны дұрыс.

Фильм не туралы? Кедейлеу отбасыдан шыққан ағайынды екі жігіт бай болып, ел қатарына қосылғысы келеді. Біреуі қонақүй бизнесін бастап, инвестиция салғысы келеді. Екіншісі болса, қарыздан құтылып, құмар ойынды қоюды армандайды. Бірақ екеуінің де қалтасында ақша жоқ. Бала кезінде олардың отбасына көп көмек берген Ховард есімді бай көкелері бар. Сөйтіп ағайынды екеу сол ағасынан көмек сұрайды. Ақшалай көмек бергені үшін көкелері бір өтініш айтып, қолқа салады. Келісуін келісіп алғанымен, қарызға ақша алған сәттен екеуінің өмірі күрт өзгереді.  

Қандай ой түюге болады? Туыстардан қарыз алып, келісім жасасқанда абай болу керек.

Игра на понижение/ The Big Short

Кімге көруге ұсынамыз: университетте экономикаға қатысты сабақтарға бармағандар көріп шыққаны дұрыс.

Фильм не туралы? 2008 жылғы әлемдік дағдарыс кезіндегі оқиға. Кризис болуы мүмкін екенін бірнеше аналитик пен қаржыгер алдын-ала болжайды. Сөйтіп сол жерден пайда көріп қалмақ болады. Бір жақсысы, бұл фильмде түсінуге ауыр терминдерді қарапайым тілде ұғып алуға болады. Мәселен джакузиде жатып Марго Робби ипотекалық облигациялар жайлы айтады дегендей.   

Қандай ой түюге болады? Кризис кезінде де ақшадан айырылмай, керісінше табысқа кенелуге болады.

Щедрость Перрье/Perriers Bounty

Кімге көруге ұсынамыз: көрінгеннен қарыз ала беруге құмар адамдар қарағаны дұрыс.

Фильм не туралы? Гай Риччидің қағытпа қалжыңын, Тарантиноның криминал төбелеске толы сахналарын жақсы көретіндерге бұл фильм өтімді болады. Бас кейіпкердің есімі — Майкл. Ол дублиндік криминал әлемінің серкесінен қарыз алады. Сөйтіп бермей қашып жүргенде әлгі Майлдың ізіне адамдар түседі. Жендеттердің ішіндегі біреуі аяқ-асты қаза болып, оның өлімін бас кейіпкердің мойнына ілмек болады. Басын аман алып қалу үшін қаладан қашпақшы. Бірақ оған бір тәуліктің ішінде қарызынан құтылып, ақша табу керек. 

Қандай ой түюге болады? Әркімнен бір қарыз ала бермеу керек.

Мертвые не умирают/ The Dead Dont Die

Кімге көруге ұсынамыз: бақытты болу үшін шоппиң жасай беретіндер көруі керек.

Фильм не туралы? Фильмдегі оқиғалар Америкадағы Сентервилль қалашығында болады. Поляр белдеуі ығысып, соның салдарынан алпауыт корпорация иелері ашкөзденіп Солтүстік полюсте пайдалы қазбалар өндіре бастайды. Сол кезде нағыз ақырзаман орнайды. Үйдегі жануарлар орманға қашып, құстар жоқ болып кетіп, табиғи апаттар бірінен-соң бірі бола бастайды. Қабірде жатқандар тіріліп келеді. Сөйтіп тірі кезінде ала алмаған заттарына тұра шабады. Біреуі — кофе, енді бірі уай-файға ұмтылып дегендей. Бас кейіпкерлер — қалалық полиция қызметкерлері, жасөспірімдерге арналған жергілікті колониядағылар мен Кливлендтен келген бір топ тұрғын зомбилермен күреседі.

Қандай ой түюге болады? Ашкөздік жақсы емес. Бақылаудан шығып кетсе, консюмеризмнің түбі жаман болады.

Дюплекс/ Duplex

Кімге көруге ұсынамыз: Пәтер алғысы келіп жүргендер қараса болады.

Фильм не туралы? Баспана мәселесі жайлы түсірілген. Сюжет бойынша жас жұбайлар өздері армандап жүрген үй алады. Онысы — дюплекстен екі қабатты апартамент. Яғни ол үй екі бөлікке бөлінген. Үйдің екінші бөлігінде бір қарағанда өзімен-өзі, мінезі жайлы кемпір тұрады. Бірақ уақыт өте келе оның шын келбеті көріне бастайды. Себебі үйден қашып кетсін деп әлгі көршісі неше-түрлі қитұрқы әрекет жасайды.    

Қандай ой түюге болады? Қымбат зат алар кезде он рет ойлану керек.

Джой/ Joy

Кімге көруге ұсынамыз: Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршаған, тұрмыс мәселесінен қиналған адамдар қарағаны дұрыс.

Фильм не туралы? Өзі сығатын швабра ойлап тапқан Джой Манганоның өміріндегі шынайы оқиғаға сүйеніп түсірілген фильм. Бұл картинада әйел адамның табысқа жетіп, мақсатын орындау жолында қандай қиыншылықтармен бетпе-бет келетіні баяндалады. Фильм сюжеті Джойдың бала кезінен бастап, өнертапқыш қабілеті байқала бастаған шақтар мен ересек өмірін қамтиды. Есейген соң ол қаржыдан қысылып, отбасында да, айналасында да түрлі кикілжіңге тап болады. Оған ешкім сенбеді десе де артық емес. Соған қарамастан бас кейіпкер өз идеясын — ерекше швабра жасауды қолға алады. Ол жолда Джой қағазбастылық, патенттеу және басқа да мәселемен бетпе-бет келеді. Іскер әлем де оңай бола қоймайды. Сонда да жалғызбасты ана ерік-жігерін жоғалтпай, мақсатына қол жеткізеді.      

Қандай ой түюге болады? Миллиондар табатын идея кез келген адамның басында болады. 

Уйти красиво/ Going in Style

Кімге көруге ұсынамыз: Болашағы жайлы ойланбайтындар қарауға тиіс. 

Фильм не туралы? Криминал комедия және драма элементтері бар картина. Фильм режиссері — Зак Брафф. Сюжет бойынша жасы келген үш дос банк тонайды. Олардың мақсаты — жинақтарын қайтарып алу. Осылайша кейіпкерлер отбасының болашағын ойлап, жақсы жағдай жасауға тырысады. Джо, Уилли және Эл — жылдар бойы жұмыс істеп, адал еңбегімен ақша тапқан зейнеткерлер. Банк зейнетақы қорын корпоративтік алаяқтықтың кесірінен тоқтатып тастайды. Сондықтан үш достың қаржылық жағдайы күрт нашарлайды. Содан қолдан келер қайран болмай, әділет орнатамыз деген оймен үшеуі банк тонауға бел буады. Қартайып қалғанына қарамастан олар жоспарын тәптіштеп құрайды. Қолға қару ұстап, оны қалай қолдану керегін үйренеді. Жолда кезіккен түрлі қиындықты еңсереді. Фильмде күлкіге қарық қылатын сәт көп. Одан қала берді шынайы достықтың үлгісін де көрсетеді.        

Қандай ой түюге болады? Зейнетақы жинағын жастайыңыздан жинап бастаған абзал.

Санта-Клаус/ The Santa Clause

Кімге көруге ұсынамыз: Қолданушы келісімін оқымай «келісем» деп баса беретін адамдар қарағаны жөн.  

Фильм не туралы? Отбасылық комедия жанрындағы туынды. Жаңа жыл қарсаңындағы оқиға баяндалады. Мерекелік атмосфера сезілетін, күлкілі оқиға көп. Сюжетке келсек, қатардағы қарапайым адам амалсыздан Санта-Клаус болады. Скотт Кэлвин ойыншық шығаратын компанияда істейді. Ажырасқан, баласы бар. Рождество түні ол ұлы Чарлимен бірге отырғанда Санта-Клаусқа ұқсайтын біреудің олардың шатырына құлап кеткенін көріп қалады. Скотт сөйтіп Санта-Клаустың киімін киіп көрмек болады. Кигеннен кейін оның жай емес екенін байқайды. Киімнің қасында шана мен келісімшарт жазылған визитка тұр екен. Ұсақ қаріппен жазылған визиткаға мән бермеген Скотт кейін Санта-Клаус болуы керегін түсінеді. Бір қарағанда балаларға сыйлық апарып берген оңай болып көрінеді. Сөйтсе ол жұмыс қиын екен. Бір түн ғана Санта-Клаус болып көрем деп ойлаған ол ертесіне визитканы оқып шықса, 1 жылдық келісімшартқа келіскен болып шығады.       

Қандай ой түюге болады? Келісімшарттарға қол қойғанда ұсақ жазудың бәрін мұқият оқу керек.

Неприкасаемые/ The Intouchables

Кімге көруге ұсынамыз: Бүкіл шаруаны кейінге қалдыратын әдеті бар прокрастинаторлар көруі керек. 

Фильм не туралы? Криминал драма жанрындағы туынды. Режиссері — Брайан де Пальма. Фильмде Америкадағы заңсыздық пен әділет үшін күрес баяндалады. Сюжеттегі оқиғалар 1930-жылдары болған. Шынайы оқиғаға сүйеніп түсірілген. Фильмде әйгілі мафия басшысы Аль Капоненің қылмыстық империясына қарсы күрес көрсетіледі. Чикаго қаласы қылмыс, сыбайлас жемқорлық пен заңсыздықтың орталығына айналған. Федерал агент Элиот Несс мафияға қарсы күрес жасау үшін The Intouchables деп атадатын арнайы топ құрады. Бұл топқа тек әділет үшін күресе алатын, адал адамдар ғана қосыла алады. Сөйтіп Несс пен оның серіктестері Капоненің империясын құлатамыз деп жоспар құрып, әрекет бастайды. Олар парақор полицейлер мен қылмыскерлерге қарсы тұрып, заңды билікті қалыпқа келтіруге тырысады. Бірақ адам өлтірді не не бұзақылық жасады деп қылмысты басына іле алмайды. Өйткені мафиози куәгерлерді қорқытып-үркітіп, өлтіріп кете беретін. Содан ақыры әлгі топ Капоненің салықтан жалтарғанын дәлелдеп шығады. Мемлекетке 388 мың доллар қарыз болып қалады. Империясы құлап, өзі 11 жылға сотталып кете барады.         

Қандай ой түюге болады? Салықты уақытылы төлеп отыру керек.

Вдаль уплывают облака/ Drifting Clouds

Кімге көруге ұсынамыз: Айлықтан айлыққа әзер жетіп күн көріп жүргендер қарап шыққаны жөн.  

Фильм не туралы? Фин режиссері Аки Каурисмяки түсірген драма. Өмірде болатын қиындықтарға қарамастан үміт үзбеуге шақырады. Сюжетте Хельсинки қаласында тұратын ерлі-зайыптының 1990-жылдары болған кризис кезіндегі өмірі баяндалады. Әйелі Илона — мейрамханада даяшы, күйеуі Лаури трамвай айдайды. Олар өте қарапайым тұрады. Бірақ ойламаған жерден бір күні Илона, оның артынан Лаури да жұмыссыз қалады. Қаржылық мәселелерге тап болып, ертең бәрі жақсаратынына сенім азайса да, үмітін үзбейді. Қиындықтарды еңсеріп, жаңа мейрамхана ашады. Сөйтіп аяққа тұруға тырысады. Ақыр соңында екеуінің табандылығы мен бір-бірін қолдағанының арқасында мақсатқа жетеді.          

Қандай ой түюге болады? Қандай жағдайда болсын адамда қаржы қоры болуы керек.

Семейка Джонсов/ The Joneses

Кімге көруге ұсынамыз: Әлеуметтік желіде блогерлердің айтқанына сеніп қала беретін аңғал адамдар көруі керек.   

Фильм не туралы? Әлеуметтік сатира элементтері бар драма. Қазіргі замандағы тұтынушы қоғамның кемшіліктерін көрсетеді. Режиссері — Деррик Борте. Бас кейіпкерлер — ауқатты болып түр жасайтын Джонс отбасы (әке рөлінде — Стив, ана болатын — Кейт, олардың екі «баласы» — Джен мен Мик). Қалаға енді көшіп келген жаңа тұрғындардың кім екені көршілерге өте қызық болады. Әсіресе, олардың сыртқа көрсететін өмір салты, стилі, қымбат заттары көзге ерекше түседі. Дегенмен мұның бәрі шын мәнінде өтірік-етін. Себебі Джонс отбасының мүшелері — маркетиң компаниясының агенттері. Бренд өнімдерді насихаттау үшін олар осылай отбасының рөлін ойнайды. Сол арқылы өнімге сұраныс тудырады. Бірақ уақыт өте келе мұндай өмір сүру стилі отбасындағы әр адамға кері әсерін береді. Сюжетте олардың шынында іштей қандай сезімде болатыны баяндалады.          

Қандай ой түюге болады? Жылтыраған жарнамаға сене беруге болмайды.

Эрин Брокович/ Erin Brokovich

Кімге көруге ұсынамыз: Өзі қаламайтын мамандық бойынша жұмыс істеп жүргендер көргені жөн.    

Фильм не туралы? Шынайы оқиғаға сүйеніп түсірілген драма. Режиссері — Стивен Содерберг. Әділет үшін күрес пен қатардағы қарапайым адамның жүйеге қалай қарсы тұрып жеңе алатыны баяндалады. Сюжетте Эрин Брокович есімді жалғызбасты ана — бас кейіпкер. Оның өмірі өте қиын: үш баласы бар, жұмысы жоқ, қаржылай қиналып жүреді. Сөйтіп шағын заңгерлік компанияға хатшы болып орналасады. Бірде ол ірі энергетикалық компанияның халықтың денсаулығына зиян келтіріп жатқанын біліп қалады. Әлгі компания улы химиялық заттарды жерге төгіп, одан ішетін су ластанады. Салдарынан қанша адам ауруға шалдығады. Осыны анықтаған Эрин заңды жолмен күрес бастауға бел буады. Ақыры қаншама сот отырысы өтіп, жүздеген адамның өтемақы алуына себепкер болады. Осылайша Эрин құқық қорғаушы болып кетіп, консалтиң фирма ашады.              

Қандай ой түюге болады? Көңіліңіз қалайтын жұмысты табудың ерте-кеші жоқ.

Гражданин Кейн/Citizen Kane

Кімге көруге ұсынамыз: Бірінші орынға жұмысты қоятын, қатқан карьеристер көруге тиіс.     

Фильм не туралы? Режиссер Орсон Уэлсс түсірген туынды. Картина адам өміріндегі шынайы құндылықтар мен билік пен байлықтың адамның жеке басына қалай әсер ететінін көрсетеді. Фильмде медиамагнат Чарльз Фостер Кейннің өмірі баяндалады. Сюжет Кейннің өлер алдындағы сәтінен басталады. Ол қайтыс боларында «Роузбад» дейді. Бірақ оның не мағына беретінін ешкім білмейді. Сол сөздің астарында не жатқанын журналист Джерри Томпсон зерттеуге кіріседі. Осылайша ол Кейннің бала кезден өлгенге дейінгі жолын зерттейді. Фильмде Чарльздің билік пен беделге ұмтылысы, сәтсіздіктері мен адамдармен қалай қарым-қатынас жасағаны көрсетіледі. Соңында ол шіріген бай болса да, бақытты күн кеше алмағаны белгілі болады. «Роузбад» деген сөздің мағынасы мынадай екен: ол Кейннің бала кезіндегі шанасының аты болып шығады. Неге шана? Ол — Кейіннің өміріндегі ең бақытты әрі уайым-қайғысы кезінің символы.             

Қандай ой түюге болады? Ақша болғаны жақсы, бірақ оны дүниедегі ең маңызды нәрсе деп ойламаған жөн.