Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерде кадрлық ауыс-түйіс жасап, екі бірдей әскер басшысын қызметінен босатты. ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы болған Асан Жүсіпов пен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы Қуанышбек Үштаев лауазымдық қызметтерінен босатылды.
Мемлекет басшысының өкімімен Асан Қуанышұлы Жүсіпов ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды. Мереке Мәтімұлы Көшекбаев Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалды, – делінген Ақорда хабарламасында.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болған Қуанышбек Үштаев та қызметінен кетті. Тоқаев бұл лауазымға Ержан Ыбыраевты тағайындады. Ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды.
Қорғаныс министрлігінің сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, Асан Жүсіпов 1973 жылы 10 ақпанда (51 жаста) дүниеге келген. Ол мотоатқыштар взводының командирінен бастап танк бригадасының командиріне дейін түрлі лауазымдарда қызмет еткен. 2016 жылы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы штабының бастығы болған, ал 2019 жылы «Шығыс»өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалған. 2022 жылғы ҚР Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасары болса, 2023 жылғы 25 қыркүйекте Мемлекет басшысының Өкімімен ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлерінің Бас Қолбасшысы болып тағайындалған.
Үштаев Қуанышбек 1976 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. 1997 жылдан 2016 жылға дейін взвод командирінен бастап әскер қолбасшысының орынбасарына дейін түрлі қызметтер атқарған.
2018 жылдың маусымнан 2022 жылдың сәуіріне дейін Семейдегі «Шығыс» РМҚК әскерлері қолбасшысының штаб бастығы және бірінші орынбасары лауазымын атқарды. 2022 жылғы сәуірден 2023 жығы қарашаға дейін «Шығыс»өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болған. 2023 жылғы 14 қарашада Президент Өкімімен «Оңтүстік»өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы болып тағайындалады.
2007 жылы Үштаев «Жауынгерлік ерігі үшін» медалімен марапатталған.
Айта кетейік, 22 қарашада Тоқаев Украина төңірегіндегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты күштік құрылымдарға тапсырма берген еді. Тапсырма премьер-министрге, президент әкімшілігінің басшысына, күштік ведомстволардың басшыларына және әкімдерге бағытталды.