Астана әуежайында Ресей президенті Владимир Путинді қарсы алуға арналған баннерлер пайда болды. Онда «Мәртебелі, Владимир Путин мырза, Астанаға қош келдіңіз!» деп жазылған. Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров «мәртебелі» сөзін қолданудың себебін түсіндірді.
Смадияровтың айтуынша, мұндай сөз тіркесі сапардың мәртебесіне байланысты айтылады. Владимир Путиннің Қазақстанға сапары ресми емес, мәртебесі одан жоғарырақ мемлекеттік сапар болады. Мемлекеттік сапар кезінде бұл сөз тіркесі қолданылады. Бұл бүкіл әлемде бар практика.
Саясаттанушы Ғазиз Әбішев те «мәртебелі» сөзі ресми хаттамаға сәйкес қана қолданылатынын жазған.
Осыған дейін желіде Беларусь президенті Александр Лукашенконың видеосы тараған. Онда Лукашенко Ресейге мемлекеттік сапары кезінде өзін «мәртебелі» деп қарсы алғанына таңданған.
Сыртқы істер министрілігінің ақпаратына сүйенсек, мұндай тіркес президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа да қатысты қолданылып келген. Мәселен, оның жақында болған Францияға мемлекеттік сапары кезінде салтанатты рәсімде «мәртебелі» болып таныстырылған.
Айта кетейік, 2024 жылы Қазақстан мен Ресей президенттері 4 рет ресми кездесу өткізген. Соңғы кездесу 8 қазанда Тоқаев Мәскеуге ресми сапармен барған кезде болған еді.
Ресей президенті Владимир Путин 27 қараша күні Астанаға мемлекеттік сапармен келеді. Ол Қазақстан мен Ресейдің XX өңіраралық ынтымақтастық форумға және ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясына қатысуы қажет.