Жаңалықтар

Трамп ұсынған тарифтер инфляцияны өсіреді, желтоқсанда мөлшерлеме тағы төмендей ме? Франция облигацияларына қатысты тәуекел

Фото: shutterstock

Федералды қор резервінің қарашадағы отырысының хаттамалары желтоқсанда мөлшерлемені тағы да төмендетуге үміттендіріп отыр. Алайда реттеуші Дональд Трамптың сайлаудағы жеңісінен кейінгі елеулі белгісіздікті атап өтті. Сарапшылар импортқа тарифтердің өсуі АҚШ-тың негізгі тұтыну шығындары индексін (PCE) 0,9%-ға көтеруі мүмкін екенін жеткізді. Осы және өзге де тақырыптар туралы 26 қарашадағы әлемдік БАҚ шолуынан оқи аласыз.

Трамп ұсынған тарифтер инфляцияны 1%-ға өсіруі мүмкін

Goldman Sachs экономистерінің пікірінше, Дональд Трамптың соңғы тарифтік ұсынысы елдегі инфляцияның шамамен 1%-ға өсуіне алып келеді. Еске салсақ, дүйсенбі күні Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға 10% қосымша тариф және Канада мен Мексикаға 25% кедендік баж енгізетінін мәлімдеген еді.

Goldman Sachs-тың бас экономисі Ян Хациус АҚШ-та баға айтарлықтай өсуі мүмкін екенін еске салды. «Әрбір тариф мөлшерлемесінің 1 пайыздық тармаққа өсуі тұтынушылық шығындар дефляторының (PCE) 0,1%-ға артуына алып келеді деген ережеге сүйене отырып, біз бұл ұсыныстың PCE базалық индексін 0,9%-ға көтеретінін есептедік», – деді ол.

CNBC мәліметінше, сарапшылар нақты қандай тарифтердің енгізілетіні және олардың уәде етілген деңгейде қалу я қалмауы белгісіз екенін айтты. Трамптың кейбір кеңесшілері мен қолдаушылары оның ұсынған тарифтерін нақты шаралардан гөрі келіссөздер жүргізу құралы ретінде сипаттады. Ян Хациус Канада мен Мексика жалпы тарифтерден құтыла алады деп санайды, ал Қытайға тарифтер енгізілетіні ықтимал.

Goldman Sachs мәліметтері бойынша, Қытай, Канада және Мексика АҚШ-қа әкелінетін тауарлардың 43%-ын иеленіп отыр. Тарифтердің көтерілуі АҚШ қазынасына жыл сайын шамамен 300 млрд доллар табыс әкелмек.

ФРЖ отырысының хаттамалары мөлшерлемені біртіндеп төмендету жоспарын ұсынады

ФРЖ-ның қарашадағы отырысының хаттамаларына сәйкес, шенеуніктер инфляцияның төмендеуіне және еңбек нарығының тұрақтылығына сенімді. Бұл қарыз алу құнын біртіндеп төмендетуді жалғастыруға негіз береді.

Отырыс кезінде қатысушылар бірауыздан негізгі несие мөлшерлемесін 4,5-4,75% мақсатты диапазонға дейін 0,25 пайыздық тармаққа төмендету туралы шешім қабылдады, деп жазды CNBC.

Дегенмен, ақша-несие саясатының келешегін талқылау барысында отырысқа қатысушылар инфляция 2%-ға дейін тұрақты түрде төмендеп, жұмыспен қамту көрсеткіштері ойдағыдай қалыптасса, бейтарап саясатқа көшу орынды болатынын атап өтті. Сонымен қатар олар Дональд Трамптың сайлануымен байланысты белгісіздікке алаңдаушылық білдірді.

ФРЖ үшін «бейтарап мөлшерлеме» ұғымының нақты анықтамасы жоқ. Хаттамаларға қарағанда, отырыс қатысушыларының көп бөлігі уақытын инфляциямен күресудегі прогресс пен экономикалық болашақты талқылауға арнаған.

ФРЖ басқарма мүшелері еңбек нарығындағы жағдайдың нашарлау белгілерінің жоқ екенін атап өтті – жұмыстан босатулардың саны әлі де төмен деңгейде. Бұл желтоқсан айында мөлшерлемені тағы да төмендетуге мүмкіндік береді.

АҚШ-та тұтынушылар сенімі 16 айлық максимумға жетті

АҚШ-та тұтынушылар сенімі индексі қараша айында 16 айлық ең жоғары деңгейге көтеріліп, 111,7-ге жетті. Бұл 2023 жылғы шілдеден бергі ең жоғары көрсеткіш. Қазан айында индекс 109,6 деңгейінде болған еді. Reuters сауалнамасына қатысқан экономистер көрсеткішті 111,3 деп болжаған еді.

«Қарашадағы өсім негізінен тұтынушылардың ағымдағы жағдайға, әсіресе еңбек нарығына қатысты неғұрлым оң көзқарасымен байланысты болды», – деп мәлімдеді Conference Board-тың бас экономисі Дана Петерсон.

Алдағы 12 айдағы АҚШ-тағы инфляцияға деген орташа күтулер 4,9%-ға дейін төмендеді, бұл 2020 жылдың наурызынан бергі ең төменгі көрсеткіш (қазан айында 5,3% болған). Алайда жоғары бағалар тұтынушылар үшін маңызды мәселе болып қала береді.

Сонымен қатар жұмыс орындарының қолжетімділігіне деген оптимизм үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетті: көрсеткіш қазан айындағы 16,5-тен қарашада 18,2-ге дейін өсті. Oxford Economics-тің АҚШ бойынша экономисі Грейс Цвеммердің пікірінше, бұл 2025 жылы АҚШ-та тұтынушылық шығындардың тұрақты өсетінін көрсетеді.

Француз облигацияларына қатысты тәуекел деңгейі жоғарылады

Bloomberg мәліметінше, француз облигацияларына қатысты тәуекел деңгейі еуроаймақтың қарыз дағдарысы кезіндегі деңгейге дейін өсті. Бұл Франция билігінің бюджет мәселесіне қатысты дау-дамайы мен үкіметтің отставкаға кету қаупіне нарықтың реакциясы болып отыр.

Францияның он жылдық облигацияларының неміс облигацияларымен салыстырғандағы сыйақысы сейсенбі күні 86 базистік тармаққа жетті. Бұл 2012 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Citigroup сарапшыларының пікірінше, қазіргі үкіметтің кетуі сыйақының 100 базистік тармаққа дейін күрт өсуіне әкелуі мүмкін.

Еске салсақ, 12 жыл бұрын Франция ауыр қарыз дағдарысын бастан өткерген. Сол кезде елдің мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің 83%-ына жеткен, ал 2011 жылдың жазынан күзге дейін Франция мен Германия облигацияларының кірістілік деңгейінің айырмашылығы 450%-ға өскен. Францияның кредиттік-дефолттық своп келісімшарттарының құны сол кезеңде 300%-ға артқан.

26 қараша күні Францияның он жылдық облигацияларының кірістілігі 3,048% деңгейінде тіркелді.