Lifestyle

Атом реакторы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің сырын ашуға көмектесті

Фото: «Остров Крым» зертханасы

Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі қайталанбас үлгідегі есікті «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасының мамандары қалпына келтірді. Зертхананың жетекші маманы Элина Алтынбекова «Ежелгі өнердің құпиялары: сақтардан Әмір Темірге дейін» атты дәріс аясында бұл жұмыстың қалай жүргені туралы айтып берді. Шараны Шымкент қаласында Qalam мультимедиалық жобасы ұйымдастырды.

Элина Алтынбекованың айтуынша, есік кесене ішіндегі Қазандық пен Қожа Ахмет Яссауидің қабірханасын бөліп тұр. «Есік – жай ғана интерьер элементі емес. Ол басқа әлемге, басқа күйге өтудің символы. Сондықтан жасалғанына 600 жылдан асқан бұл есіктің маңызы зор болған, сәйкесінше оны айрықша қымбат түрде безендірген», – деді ол.

Маманның айтуынша, есікті зерттеу барысында көптеген проблема анықталыпты. «Ағаш шытынай бастаған, салдарынан жарықшалар мен деформациялар пайда болған. Есіктің өзіне май, кір, желім секілді түрлі зат сіңген. Бір кездері адамдар оны жақсартқысы келіп, түрлі материал қолданыпты», – деп түсіндірді Элина Алтынбекова.

Qalam лекторы есіктің арнайы тұстары сүйек, қола, ағаштың бірнеше түрі секілді материалдардан жасалған элементтермен бедерленіп, безендірілгеніне тоқталды. Тіпті алтынға ұқсатып әзірленген заттар да қолданылыпты. Оюының өзі өте күрделі және бірнеше қабаттан тұрады.

Реставрация жұмыстары табиғи зерттеулер, есептеу жүйелерін қолдану, рентген, зертханалық сараптама, нейтрондық томография секілді көптеген бағытта жүрген және түрлі маманды қамтыған. Qalam жобасының спикері есіктің осыған дейін ғылыми жолмен зерттелмегенін атап өтті.

Алғашқы кезеңде есік кесене ішіндегі тұрған орнында жан-жақты зерттеліпті. Жекелей алғанда, рентген арқылы тексеріліп, әр бөлігі сканерленген. Кейін бұл ақпарат есіктің көшірмесін жасау үшін қолданылған. «Ең алдымен, біз есіктің барлық оюы мен элементін зерттеп, сурет түрінде салып шықтық. Сол бойынша көшірме әзірледік. Түпнұсқаны көшірмеге түнде, кесене жабық кезде ауыстырдық, өйткені қонақтарды алаңдатпауымыз керек еді», – дейді Элина Алтынбекова.

Есік элементтері, реставрацияға дейін және кейін. Дереккөз: «Остров Крым» зертханасы

«Осының бәріне ежелгі уақытта әлдебір дүние жағылыпты. Оның желімнің бір түрі, яғни күріш мастикасы екенін кейін түсіндік. Бұл затты есіктің беті тегіс болу үшін қолданған. Бірақ уақыт өте келе, ол безендірілген заттармен бірге түсе бастапты. Ал сүйектен жасалған безендірулер сарғайып кетіпті, яғни бір қарағанда ағаштан ажырату қиын», – дейді спикер. Бұдан бөлек шегенің орындары мен ағаштың ішінде ін-тесік жасаған термитердің ізі табылған.

Элина Алтынбекованың айтуынша, есіктін бедерлерін жасау кезінде түрлі ағаш қолданылыпты. «Оның ішінде Африканың екі түрлі қара ағашы және Қиыр Шығыс үйеңкісі бар. Түркестан қайда, Африка мен Қиыр Шығыс қайда, елестете беріңіз», – деп атап өтті ол. Маман есіктің өзі жаңғақ ағашынан жасалғанын қосып кетті.

Ағаш тақтайларды ұстап тұрған темір жапсырмаларды зерттеу үшін ғалымдар Алматы маңындағы Ядролық физика институтының мүмкіндіктерін пайдаланыпты. Институттың ғылыми жұмыстарға арналған атом реакторы темірден жасалған материалдардың құрылымын зерттеуде көмектескен. «Бастапқыда біз мұны жәй ғана темір деп ойладық. Бірақ рентген және Ядролық физика институтында жүргізілген зерттеулер жапсырмаларда араб жазуы бар екенін, сондай-ақ олардың күміс және алтын өрнектермен безендірілгенін көрсетті. Нақты не айтылғанын арабтанушылар зерделейді», – деді Qalam спикері.

Фото: Абдуманап Сапаралы

Элина Алтынбекова реставраторлар тобы есікті кесенеге қайтармай, музейге тапсыруды ұсынатынын атап өтті. «Кесенеде есік бұрынғы жағдайға оралады, яғни адамдар қайтадан ашып-жауып, ұстап, сүртуге көшеді. Сақтап қалғымыз келсе, оны музейге жіберу керек. Музейде есікке тиісті күтім көрсетіледі, ұзақ уақыт бойы және дұрыс сақтауға керек барлық талап сақталады», – дейді ол.

Лекция барысында «Остров Крым» зертханасының қызметкері 2013 жылы табылған Үржарлық сәуегей әйел келбетінің қалай қалпына келтірілгені және Құлан қаласы орнындағы қамалдан табылған оюлардың реставрациясы туралы айтып берді.

Анықтамалық ақпарат:

Элина Алтынбекова – әйгілі қазақстандық реставратор және дизайнер. Атақты қазақстандық суретші-реставратор Қырым Алтынбеков негізін қалаған және басқаратын «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасының жетекші қызметкері. Элина Эрмитаж реставраторлық мектебінде (Ресей) оқыды, Каирде (Египет) тағылымдамадан өтті. Ол сармат жауынгері реконструкциясының авторларының бірі, көрмелер кураторы және реставрация туралы тренингтердің авторы.