Банк пен қаржы

Ұлтттық қор банктерді қолдауға бөлінген қаржыдан 2 трлн теңге жоғалтқан

Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық қор банктерді қолдауға бөлінген қаржыдан 2 трлн теңге жоғалтқан. Өйткені мемлекет қолдаған банктердің облигациялары өте төмен мөлшерлемемен сатып алынып, номиналды құны 3 трлн теңгені құраған. Ал нарықтың құны – 1,1 трлн теңге болған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Мәжіліс отырысында мәлімдеді.

Депутат сауалы

Мәжіліс отырысында депутат Берік Байсенғалив Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен Ұлттық қордың кіріс әкелмей тұрған активтерінің үлесі қанша екенін сұрады. Бейсенғалиев Ұлттық қордың 1 трлн теңге қаржысы биыл бюджет тапшылығын жабу үшін «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алуға жұмсалғанын айта келе, жалпы 2024 жылы қордан 6,6 трлн теңге қаржы алынғанына назар аударды.

«Биыл мұнай өндірісі қысқарғанын айта кеткен жөн. Алайда бұл бюджет кірісіне әсер еткенімен, Ұлттық қордың параметрлерінде жазылмады. Осы ретте менің бірінші сауалым ҰЭМ басшысы Нұрлан Байбазаровқа: «Неге Ұлттық қор түсімінің парамертлері қайта қаралмады, биыл қордың теріс балансы қалай қалыптасады?». Екінші сауалым, Тимур Мұратұлына. «Қазмұнайгаз», Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алу және банктерді қолдау сынды Үкіметтің «шұғыл проблемаларын» шешуге бағытталған және кіріс әкелмейтін активтердің үлесі қанша?», – деді депутат.

Ұлттық экономика министрі Байбазаров бұл мәселені ескеріп, Ұлттық қор параметрлеріне өзгеріс енгізіп жатқанын айтты. Соған сәйкес, Ұлттық қор түсімі 1,5 трлн теңгеге қысқарады.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов депутатқа берген жауабында, елдегі екінші деңгейлі банктерге қолдау 2000-шы жылдардың ортасында облигациялар арқылы көрсетілгенін айтып өтті. Бас банкирдің айтуынша, бұл облигациялар өте төмен: 0,1-3%-ға дейінгі пайыздық мөлшерлемемен шығарылған. Олардың номиналды құны сол кезде 3 трлн теңгеден асқан. Ал нарықтың құны – 1,1 трлн теңге. Облигациялар әділ нарықтық құнымен сатып алынбағандықтан, Ұлттық қор 2 трлн теңге жоғалтқан.

«2022 жылы Ұлттық қорды басқару саласына реформа жүргізіліп, Ұлттық қор қаржысы инвестицияланатын облигациялар тек орташа инфляция көрсеткішін ескере отырып сатып алынатын болды. Яғни нарықтық құны ескеріледі. Қазір сатып алынып жатқан облигациялардың пайыздық мөлшерлемесі елдегі инфляциямен шамалас – 10-12%», – деді Сүлейменов.

ҰБ басшысы енді Ұлттық қор қаржысына нарықтық емес шартпен ешқандай құнды қағаз сатып алынбайды деп сендірді. Алайда бұл қаржы қандай банктерді қолдауға жұмсалғаныны нақтыламады.

Ұлттық қордан банктерді қолдауға қанша қаржы бөлінді?

2008 жылдың 13 қазанында, әлемдік дағдарыс тереңдеп тұрған шақта (ол Қазақстанда 1 жыл бұрын басталған) Нұрсұлтан Назарбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында «нақтыланған бағдарламалар» үшін Ұлттық қордан 2009-2010 жылдары $10 млрд бөлуді тапсырды. Осы қаражаттың $4 миллиарды, яғни, 480 миллион теңгесі қаржы секторы тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталды.

Дағдарысқа қарсы саясатты жүзеге асыру үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры құрылды. Қордың басты міндеттеріне коммерциялық банктерді қосымша капиталдандыру арқылы қаржы секторын тұрақтандыру, үлескерлік нарықтағы түйткілдерді шешу, қымбат ипотекалық қарызды қайта құрылымдау кірді.

2009 жылы мемлекет «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ арқылы БТА, Альянс, Халық және Қазкоммерцбанктің (сол кездегі елдегі ең ірі 4 банк) жай және артықшылық берілген акцияларын сатып ала бастады, БТА мен Альянс толық мемлекет қарамағына өтті. Әуелде банктер дағдарыстан шыққан соң мемлекет салған қаржыны қайтаруы тиіс делінген еді, алайда оның қалай қайтарылып жатқаны көпшілікке беймәлім.

Сонымен қатар 2017 жылы Ұлттық банктің қаржылық орнықтылықты көтеру бағдарламасына 6 банк қатысқан. Олар: «Еуразиялық банк», «Банк ЦентрКредит», Jusan Bank (көмек АТФБанк пен «Цеснабанкке» көрсетілген), «Нұрбанк», Halyk Bank және Bank RBK. Сол кезде Ұлттық Банктің Қазақстандық тұрақтылық қоры жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 15 жылға шығарылған банк акцияларына айырбасталатын реттелген облигацияларды сатып алды.

2024 жылдың мамыр айындағы жағдай бойынша, 5 банктің балансында 1,5 трлн теңгеге жуық мемлекеттік көмек болған. Содан кейін екі банк алған қарызын мерзімінен бұрын қайтарды.