Банк пен қаржы

Ұлттық қор «ҚазМұнайГаз» бен «Қазатомөнеркәсіптің» акцияларын сатып алудан 500 млрд теңге пайда тапқан

Фото: kursiv.media

Ұлттық қор «ҚазМұнайГаз» пен «Қазатомөнеркәсіп» акцияларын сатып алудан 500 млрд теңге пайда тапқан. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.

Бас банкирдің айтуынша, 2023 жылы Ұлттық қордың ақшасына 1,3 трлн теңгеге «ҚазМұнайГаздың» ұлттық компаниясының 20% акциясы сатып алынған. Содан бері бағалы қағаздар 1,7 трлн теңгеге дейін дейін қымбаттап, 400 млрд теңге пайда түскен.

Ал биыл шілдеде Ұлттық банк Ұлттық қордың 467 млрд теңгесіне «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының 12,01% акциясын сатып алғаны белгілі. Бұл бағалы қағаздар содан бері 100 млрд теңге табыс әкелген.

«Бұл тұрақты құрал емес шығар, дегенмен акцияларға салынған екі инвестиция Ұлттық қорға кіріс әкелді. Бірақ жүйелі құрал ретінде, оны пайдаланудың қажеті жоқ», — дейді Сүлейменов.

Екі компанияның акциялары неге сатып алынды?

Қазақстан үкіметі Ұлттық қор қаржысын ұлттық компания акцияларына салуды «тиімді инвестиция» деп атайды. Былтыр Үкімет «инвестициялау» мақсатында Ұлттық қордан нысаналы және кепілдендірілген трансферттен бөлек, 1,3 трлн теңге шығарып алған. Қордан алынған ақша бюджет жыртығын жамауға жұмсалды. Өйткені Қазақстан бюджетінде соңғы бірнеше жыл қатарынан қаржы тапшылығы сезіліп отыр. 2023 жылы сарапшылар Ұлттық қор қажысына ҚМГ акцияларын сатып алуды «күмәнді инвестиция» деп атап, қор қаржысын оңды-солды шаша бермеуге шақырған.

Алайда биыл да салық жоспары 30%-ға кем орындалып, Үкімет тағы да қордың көмегіне жүгінді: жарты млрд теңгеге «Қазатомөнеркәсіп» акциялары сатып алынды. Бұл ретте айта кету керек, екі компанияның да негізгі акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Ал «Самұрық-Қазынаның» жалғыз иесі – Қазақстан Үкіметі. «Самұрық-Қазына» компания үлесін сатудан түскен қаржыны дивиденд ретінде бюджетке аударды.