Әлемде ең қауіпті көліктерге субкомпакт, яғни шағын және спорттық көліктер жатады. Мұндай темір тұлпармен апатқа түскен жолаушының аман қалу мүмкіндігі басқаларға қарағанда екі есе төмен болып саналады.
Ең сенімсіз көлік – Hyundai Venue
iSeeCars порталы 2017–2022 жылдардағы адам өліміне алып келген апаттар мен жол көлік оқиғалары туралы деректерді салыстыра отырып, Құрама Штаттардағы жол-көлік оқиғаларының статистикасын талдады. Зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ең қауіпті көлік – Hyundai Venue ықшам кроссовері. Әр 1,6 млрд километрге 13,9 адам өліміне әкелген оқиға тіркелген.
Антирейтингте екінші орында әрқайсысы 13,6 ұпай жинаған Chevrolet Corvette және жапондық Mitsubishi Mirage. Үшінші орынды 13,2 балмен Porsche 911 және Honda CR-V-дің гибрид нұсқасы бөлісті.
Сарапшылар зерттеуде жолда болған жазатайым оқиғалардың санын, модельдердің жалпы жүріп өткен қашықтығын және олардың тізгінделген жылдарын есепке алынғанын айтады. Талдау Америка Құрама Штаттары аумағындағы барлық көлік үлгісін қамтығаны белгілі болды.
Ал 2023 жылы басқа әдістемені қолдана отырып есептегенде, бұл антирейтингте Mitsubishi Mirage көлігі бірінші орынға шықты. Биыл антирейтинг құрылымы өзгерсе де, көптеген бренд сол қалпы тізімде бар.
Спорттық көліктен «қашу» керек
Зерттеу нәтижелері темір тұлпарды, әсіресе, жол қауіпсіздігін бағалайтын жүргізушілер үшін мұқият таңдаудың маңыздылығын көрсетеді. Сонымен қатар жылдамдықты жақсы көретін, сол себепті спорттық көлік таңдайтындар үшін ескертпелер жасады.
«Қауіпсіздік саласындағы соңғы жетістіктерге қарамастан, біздің зерттеулеріміз шағын автолар үлкен жол талғамайтын көліктер сияқты қауіпсіз емес екенін көрсетті. Мәселен, спорттық көліктер. Бұл ең көп жолаушы өліміне әкелетін қозғалыс құралы. Олар жылдамдықты асырып, жүйіткуге арналған. Сондықтан аталған темір тұлпардың қатысуымен болған апаттар адам өліміне әкелетіні таңғаларлық жағдай емес», – дейді iSeeCars бас директоры Фонг Ли.
Tesla-дан да мін табылды
Зерттеу нәтижелері бойынша, Tesla көліктері де қауіпсіз болмай шықты. Тіпті апаттан аман қалу мүмкіндігі ең төмен автолар қатарында. Мәселен, Hyundai Venue жол көлік апаты кезіндегі ең сенімсіз авто болса, Tesla жалпы автомобиль брендінің ішіндегі ең қауіптісі болып танылған.
«Бұл олардың қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық тудырады», – деп жазды басылым.
Жаңа көліктер бұрынғыдан да қауіпсіз
Сарапшылардың пайымынша, соңғы 12 жылда көлік қауіпсіздігі айтарлықтай жақсарды. Бірақ жол қауіпсіздігін сақтандыру институтының (IIHS) мәліметтері бойынша, Америка жолдарында соңғы 12 жылмен салыстырғанда, соңғы бес жылда жол апаттары мен өлім-жітім деңгейі жоғары болған.
«Жаңа көліктер бұрынғыдан да қауіпсіз. Жетілдірілген шасси дизайнымен, жүргізушіге көмекші технологиялармен және жүргізушіні қоршап тұрған көптеген қауіпсіздік жастықтарымен бүгінгі көліктер жолаушылардың жоғары қорғанысын қамтамасыз етеді. Бірақ бұл қауіпсіздік мүмкіндіктері соңғы жылдары апаттар мен өлім-жітімнің көбеюіне ықпал еткен жоғары жылдамдық сынды заң бұзушылықтарға келгенде еш дәрменсіз», – деді iSeeCars компаниясының атқарушы талдаушысы Карл Брауэр.
Еске сала кетсек, бұған дейін сарапшылар 2024 жылғы ең сенімсіз көлік үлгілерін атаған еді. Премиум модельдер арасында ең нашар деп Genesis G70 бағаланған болатын. Зерттеу авторлары оның бәсекелестері ыңғайлы, арзан деген қорытындыға келген.