Жаңалықтар

Мәжіліс «есірткі тасымалдаушылардың» жазасын жеңілдететін заң жобасын қабылдады

«Есірткі тасымалдаушылардың» жазасы жеңілдейді
«Есірткі тасымалдаушылардың» жазасы жеңілдейді / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Мәжіліс екінші оқылымда «есірткі тасымалдаушылардың» жазасын жеңілдетуге қатысты заң жобасына өзгерістер енгізуді мақұлдады. Заңға енгізілген жаңа түзетулерге сәйкес, есірткіні таратушы және сақтаушы азаматтардың жазасы жеңілдеп, лауазымды тұлғаларға қатысты жаза күшейтіледі.

Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күресті жетілдіруге бағытталған заң жобасы қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне, сондай-ақ, басқа да негізгі заңнамалық актілерге айтарлықтай өзгерістер енгізеді.

Сату мақсатында есірткіні заңсыз өндіру, дайындау және қайта өңдеу мәселелерін қарайтын жаңа 297-1-бап енгізілді. Максималды жаза – мүлікті тәркілеп 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру. Егер бұл қылмысты мемлекеттік қызметтегі азаматтар жасаса (мысалы, өз лауазымын пайдалану арқылы), жаза одан да қатал болуы мүмкін – өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Есірткіні тарату, сату немесе сату мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау, тасымалдау әрекеттері үшін ҚР ҚК 297-бабындағы жаза жеңілдеді. Яғни бұл қылмысты алғаш жасағандар үшін жаза бұрын 5 жылдан 10 жылға бас бостандығынан айыру болса, ендігі ұсыныста 5 жылдан 8 жылға дейін қысқарды.

Осы кезге дейін бірнеше рет президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия мен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы аясында да есірткімен күресті күшейту мәселесін көтерген.