Lifestyle

Әлемде күніне 600 миллион кибершабуыл жасалады

Әлемде күніне 600 миллион кибершабуыл жасалады
Әлемде күніне 600 миллион кибершабуыл жасалады / Фото: коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлемде күніне 600 миллион кибершабуыл жасалады. Оның бір бөлігін киберқылмыскерлер жасаса, екінші бір бөлігін мемлекеттік құрылымдар да жасап жатады. Бұл туралы Microsoft Digital Defense есебінде жазылған.

«Өсіп келе жатқан зиянды киберактивтілікке қарсы тұру үшін барлық деңгейде цифрлық инфрақұрылымды қорғауды күшейтіп, қарапайым пайдаланушылардан корпорация басшылары мен мемлекеттік өкілдерге дейін киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру маңызды», — дейді Microsoft корпорациясының Орталық Еуропа мен Орталық Азия елдеріндегі технологиялар жөніндегі аймақтық директоры Ренате Страздина.

Төлем қосымшаларына жасалған шабуыл өткен жылмен салыстырғанда 2,75 есе өскен. Кибер кеңістіктегі қаржылық алаяқтық бүкіл әлемде өсіп, төлем жүйелерінде жаңа схемалар пайда болған. 

Бұдан бөлек, жалған жарнамалар мен техникалық қолдау жүйелері арқылы алаяқтық жасау өскен. 2021 жылдан 2023 жылға дейін бұл схема 400% өсіп, зиянды бағдарламалардың (180%) және фишингтің (30%) өсуінен айтарлықтай асып түсті. 

Инфографика: Microsoft

Екінші жартыжылдықта Microsoft 1,25 миллион DDoS шабуылына тойтарыс берді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Microsoft Threat Intelligence платформасы 1500-ден астам бірегей қауіп топтарын, соның ішінде 600-ден астам ұлттық-мемлекеттік қауіптерді, 300 киберқылмыстық топтарды, 200 ықпал ету топтарын және жүздеген өзге түрлерін анықтаған.

Компания киберқауіптерді азайту мемлекеттік және жеке сектор арасындағы тығыз ынтымақтастықты қажет ететінін атап көрсетеді. Үкіметтер шабуылдарды болдырмау үшін және зиянды әрекеттерді бұғаттау бағытында маңызды жаза беруі қажет. Кибер кеңістіктегі қазіргі халықаралық нормалардың тиімді орындалуы жетіспейді, нәтижесінде мемлекет қолдау көрсететін агрессия жалғасуда.