Жаңалықтар

Мұнай бағасы 60 долларға дейін түсуі мүмкін бе – Байбазаров жауап берді

Мұнай бағасы 60 долларға дейін түсуі мүмкін бе
Мұнай бағасы 60 долларға дейін түсуі мүмкін бе / Фото: kursiv.media

2025 жылы мұнай бағасы 60 долларға дейін құнсыздануы мүмкін. Тиісінше теңге бағамы да әлсірейді. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров айтты.

Министрдің сөзінше, Үкіметтің пессимистік болжамы бойынша мұнай құны барреліне 60 теңгеге дейін түсуі мүмкін.

«Қазір базалық болжамымыз бойынша жылдық мұнай барреліне 75 доллар болмақ. Доллардың орташа жылдық құны 470 теңге. Алайда бізде пессимистік сценарий де бар. Мұнай құны 60 доллар болатын болса, тиісінше теңге бағамы да өзгереді», – деді Байбазаров.

Оның айтуынша, қазір халықаралық ұйымдардың да болжамдары осыған сай келеді. Кей болжамдарда мұнай бағасы 80 долларға дейін өседі делінсе, кейбірі керісінше түседі деген. Бірақ қазіргі нақты болжам бойынша мұнай бағасы 74-75 доллар арасында тұр.

Министр мұнай бағасына АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Дональд Трамптың әкімшілігінің саясаты да әсер ете алатынын айтты.

«Алғашқы тоқсанда барлығы нақты белгілі болады. АҚШ-та жаңа президент әкімшілігі келіп, өз өзгерістерін ұсынады», – деді министр. 

Дегенмен Байбазаров мұнай бағасы құлдыраған күннің өзінде, оның бір сәтте қайта жоғарылайтын тенденциясы барын атап өтті.