Lifestyle

Димаш Құдайберген Қазақстанның көрікті жерлерін көрсетіп, жаңа ән мен бейнебаян шығарды

Димаш Құдайберген жаңа «Киелі мекен» атты ән мен бейнебаян шығарды / фото: скрин youtube: Dimash Qudaibergen

Әлемге танымал қазақстандық әнші Димаш Құдайберген «Киелі мекен» атты жаңа әніне түсірілген музыкалық бейнебаянды ұсынды. Бейнебаян Қазақстанның ең көрікті мен қасиетті жерлерінде түсірілген, елдің табиғаты мен рухани байлығын ерекше суреттейді.

Көрермендер Алматы облысындағы Көлсай көлдеріне саяхат жасап, Шарын каньоны мен Торыш аңғарын қыран құстың көзімен тамашалайды. Акмешіт үңгірінің тереңіне үңіліп, Бозжыраның көркем табиғатын сезінеді. Сонымен қатар «Әзірет Сұлтан» мұражай-қорығы мен Бурабай, Қатонқарағай, Алтын-Емел, Жоңғар Алатауы ұлттық парктерінің әсем көріністері бейнебаянда көрініс тапқан.

Тарих пен болашақтың байланысы

Бейнебаян тек табиғат сұлулығын ғана емес, сонымен қатар қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін де дәріптейді. Димаш пен оның інісі Әбілмансұр Құдайберген бейнебаянның басты кейіпкерлері ретінде көрермендерді қазақтың киелі мекеніне саяхатқа шақырады. Бұл туынды Қазақстанның бай тарихы мен көпғасырлық дәстүрін болашаққа жеткізу миссиясын ерекше көрсетеді.

YouTube video player

«Киелі мекен» әні мен бейнебаян — Димаш Құдайбергеннің туған еліне деген сүйіспеншілігінің жарқын көрінісі. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандар Қазақстанның ғажайып табиғатын, мәдени мұрасын танып, қазақ халқының бай рухани әлеміне жақындай түсетіні анық.

Еске сала кетейік, Димаштың жаңа бейнебаяны Қазақстанның туристік аймақтарын насихаттау мақсатында түсірілген. Бейнебаянды Туризм және спорт министрлігі мен Kazakh Tourism ұлттық компаниясы қолдаған. 

Жақында, Димаш Прага мен Дюссельдорфта лық толы ареналарды жинап «Stranger» атты жеке коцерттерін өткізді.