Алматы облысындағы Есік көлі мен Асы-Түргенге баратын жолдар көктемге дейін жабылды
Eсік көлі мен Асы-Түргенге баратын жолдар көктемге дейін жабылды. Алматы облысының Төтенше жағдайлар департаменті Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарының таулы аймақтарында қар көшкіні қаупінің жоғарылауына байланысты кейбір жолдардың көлік қозғалысына жабылғанын хабарлады.
2024 жылдың 27 қарашасы мен 2025 жылдың 31 наурызы аралығында келесі облыстық маңызы бар жол учаскелері жабылады:
Есік қаласы – Есік көлі (7-15 км);
Түрген ауылы – Батан – Асы-Түрген обсерваториясы (15-41 км);
Талғар қаласы – Спутник лагері (6-11 км).
Төтенше жағдайлар департаменті бұл шаралардың қар көшкіні қаупінің алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданғанын атап өтті.
«Қыс мезгілінде таулы аймақтарға баруды жоспарлаған тұрғындардан сақтық таныту және жабық жолдарды пайдаланбау сұралады. Жолдар 2025 жылдың көктеміне дейін ашылмайды», делінген хабарламада.