Соңғы күндері Instagram қолданушылары қазақстандық әртістердің әндерін сторис пен рилсте пайдалануға жарамсыз болғанын байқады. Бұл жағдай «Қазақстан авторлар қоғамы» (ҚазАҚ) мен Meta компаниясы арасындағы келісім мерзімінің аяқталуынан туындаған. Бұл туралы журналист Әділ Балтабаев өзінің Instagram парақшасында бөлісті.
Бұған дейінгі келісімде қазақстандық авторлардың музыкасын платформада қолданғаны үшін роялти төлеу қарастырылған еді. Алайда ҚазАҚ өкілдері төлем мөлшеріне көңілі толмай, оны арттыруды талап етті. Тараптар келіссөз жүргізіп жатқан уақытта, бұрынғы келісімнің мерзімі аяқталды, ал жаңасы жасалмады.
Осыған байланысты Meta ҚазАҚ-қа тіркелген барлық қазақстандық автордың музыкалық контентін платформадан өшіріп тастады. Бұл көптеген танымал қазақстандық орындаушының шығармашылығына әсер етті. Балтабаевтың айтуынша, бірақатар отандық әншілер ұжымдық шағымдарын дайындап жатыр.
Әзірге қазақша әндердің Instagram-да қайта қашан пайда болатыны белгісіз. Қазіргі уақытта ҚазАҚ пен Meta арасындағы келіссөздер жалғасып жатыр.