Жаңалықтар

Уақыт белдеуіне қатысты сауалнамаға кімдер қатысты? Министр Саясат Нұрбек жауап берді

Уақыт белдеуіне қатысты сауалнамаға кімдер қатысты? / фото: shutterstock

Қазақстанда уақыт белдеуін ауыстыру мәселесіне байланысты eGov порталында сауалнама өткізілген еді. Бұл сауалнама көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек осы сауалнаманың мақсаты мен нәтижелерін түсіндіріп өтті.

Министр сауалнаманың негізгі мақсатын былайша түсіндірді: «Сауалнама халық пікірін жинау арқылы уақыт белдеуінің денсаулыққа әсерін зерттеу үшін өткізілген. Негізгі мақсат — қоғамдағы ұйқы режимі, уақытты басқару және сағаттық белдеудің тұрғындарға әсерін анықтау».

Сауалнама үш күн ішінде аяқталған, себебі қажетті 200 мың жауап жылдам жиналған. Жиналған мәліметтер қазақстандық ғалымдарға беріліп, осы деректер негізінде зерттеу жұмыстары басталады.

«Қаңтар айында зерттеуді толыққанды іске қосамыз. Алдағы аптада техникалық тапсырмалар мен зерттеудің бюджеті анықталады,» – деді министр.

Министрдің айтуынша, зерттеу нәтижелері сағаттық белдеудің қазақстандықтардың денсаулығына әсерін анықтауға бағытталған. Егер халықтың көп бөлігі уақыт белдеуінің өзгерісі ұйқы мен өмір сүру режиміне кедергі келтіретінін айтса, бұл мәліметтер ғалымдарға бағыт-бағдар береді.

Еске сала кетейік, бұған дейін Саясат Нұрбек Ғылым және жоғары білім мен Денсаулық сақтау министрілігі бірыңғай уақыт белдеуінің қазақстандықтардың денсаулығына қалай  әсер ететінін зерттеу үшін 160 млн теңге жұмсалуы мүмкін екенін айтқан еді.